Хадис

Жетімге ізет көрсету

Кутуб ситтә, 1-том, 24-тарау · 3 хадис · № 181–183

Хадистер

Құран Кәрімде жетімге қамқорлық жасау мәселесі Меккеде түскен алғашқы аяттардан-ақ сөз болады. Алғашқы уахиларда Алла Тағала Пайғамбарымызға (с.а.с.) өзінің де жетім болғанын еске салып, жетімді жәбірлемеуді бұйырады. «Ол сені жетім күйде тауып, пана болмады ма?! […] Ендеше, жетімді жәбірлеуші болма!»1

Меккеде түскен «Фәжр» сүресінде «Шындығында, сендер жетімді жарылқамайсыңдар» делініп, жетімге немқұрайды қарау сыналады. Ал «Мағун» сүресінде жетімге жәбір көрсету дін күнін жоққа шығарған адамның бір сипаты ретінде айтылады. «Дін күнін жоққа шығарғанды көрмейсің бе?! Ол жетімді кеудесінен итереді әрі ол пақыр-міскіннің қарнын тойдыруға әсте құлшындырмайды»2.

Меккеде түскен өзге аяттарда жетімге жәрдемдесу «қиын белестен асуға» теңеліп, аса қайырлы амал ретінде сипатталады.

«Біз оған екі бірдей көз бермедік пе?! Бір тіл, қос ерін бермедік пе? Һәм оған екі жол көрсетпедік пе?! Алайда ол қиын белестен асу үшін қажыр-қайрат жұмсамады. Қиын белестің не екенін білесің бе?! Ол – бір құлды азат ету. Яки қиын-қыстау күнде ас-ауқат беру: туыстығы бар жетімге немесе топырақты төсеніш еткен үйсіз, күйсіз қамкөңіл пақыр міскінге ас-ауқат беру»3.

Жетімге қаржылай жәрдем көрсету

Жәрдем көздері

Меккеде түскен аяттар жетімге ізет көрсетуге шақырып, оны жәбірлеуден тыйса, Мәдинада түскен аяттар қамқорлықтың нақты жолдарын көрсетті. Олардың бірқатарында жетімге қаржылай көмек берудің көздері аталады. Бұл аяттарда бәйтул-мал, яғни мемлекет қазынасы тікелей аталмайды. Алайда көрсетілген қаржы көздері көбіне мемлекет қарамағында болғандықтан, қазынадан жәрдем алуға тиіс топтың бірі – жетімдер.

1. Ғаниметтен берілетін үлес

Бұл аятта соғыста қолға түскен ғаниметтің «хумус» деп аталатын бестен бір үлесінің кімдерге тиесілі екені көрсетіледі. «Біліп қойыңдар, соғыстан не нәрсе олжаласаңдар да, соның бестен бірі сөзсіз Аллаға тиесілі. Әрі Алла елшісіне, оның жақын туыстарына, жетімдерге, пақыр-міскіндерге және жолда қалған жолаушыларға тиесілі»4.

2. Алынған елді мекендерден түсетін үлес

Бұл аятта мемлекеттің маңызды кіріс көздерінің бірі – соғыссыз алынған елді мекендерден түскен олжаның кімге тиесілі екені көрсетіледі. «Соғыссыз-ақ алынған елді мекендердің халқынан Алланың елшісіне нәсіп еткен олжалары Аллаға, Елшісіне, оның жақын туыстарына, жетімдерге, кедейлерге әрі жолда қалған ғаріптерге тиесілі. Бұл – аталмыш дүние-мүлік араларыңдағы байлардың арасында ғана айналымда болатын дәулетке айналмауы үшін»5.

3. Мұрадан берілетін үлес

Мына аятта жетімге қаржылай жәрдем берудің тағы бір жолы көрсетіледі. «Мұра бөлісу кезінде қастарыңда мұрагерлерге жатпайтын туыстар, жетімдер, пақыр-міскіндер болса, мұрадан оларға да азын-аулақ беріңдер һәм оларға жақсы сөз айтыңдар»6. Ғалымдардың бір бөлігі бұл бұйрықты құпталатын амал деп түсіндірсе, екінші бөлігі оны міндетті түрде орындалатын уәжіп деп таныған.

4. Нәпақа алатындар

Бірқатар сахаба Алла елшісінен (с.а.с.): «Нәпақаға не берейік?» – деп сұрайды. Осы сұраққа орай түскен аят кімдерге нәпақа берілуге тиіс екенін баяндайды. «Олар сенен ізгілік жолында не беру керектігі жайлы сұрайды. Оларға былай деп айт: “Қандай дүниеден не берсеңдер де, алдымен ата-анаға, содан кейін ең жақын туыстарға, жетімдерге, пақыр-міскіндерге және елінен жырақта жүрген мүсәпір жолаушыға беру керек”»7.

Жақсылыққа ынталандыру

Жетімге қаржылай жәрдем беру, қамқорлық көрсету, жылы сөз айту секілді жақсылықтар мына аятта дініміз құптаған ізгі істердің қатарында аталады. «Шынайы ізгілік жүздеріңді шығысқа немесе батысқа қаратуда емес. Шынайы ізгілік – Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, Кітапқа және пайғамбарларға сенген жандардың, әрі мал-мүлкінен – оны қанша жерден жақсы көрсе де – жақын туыстарына, жетімдерге, міскіндерге, елінен жырақта жүрген яки жолда қалған ғаріп жолаушыға, тарыққаннан қайыр садақа сұрағандарға және азаттыққа қауышқысы келген құлдар мен тұтқындарға берген, намаз оқыған, зекет берген, уәделескенде уәдеде тұратын, әрі таршылық көргенде, дертке шалдыққанда әрі соғыс жағдайында сабырлылық танытқан жандардың ісі»8.

Исрайыл ұрпақтары орындауға уәде берген маңызды міндеттердің қатарында да жетімге жақсылық жасау бар. «Кезінде Исрайыл ұрпақтарынан: “Алладан басқаға құлшылық жасамайсыңдар, ата-анаға, туған-туысқа, жетімдерге және пақыр-міскіндерге жақсылық жасайсыңдар, жұртқа жақсы сөз айтасыңдар”, – деп уәде алған едік, әрі оларға: “Намаз оқыңдар, зекет беріңдер!” – деп бұйырған едік»9.

Жетімге ізет көрсету, қамқорлық жасау, қаржылай жәрдем беру жөнінде Алла елшісінен (с.а.с.) көп хадис жеткен. «Мен және жетімді қамқорлығына алған адам жәннатта мынадай жақын боламыз» (Пайғамбарымыз сұқ саусағы мен ортаңғы саусағын көрсетті)10. «Мұсылмандардың ең қайырлы үйі – жетімге жақсы қарайтын үй. Ең жаман үйі – жетімге жаман қарайтын үй»11.

«Кім мұсылмандар арасынан бір жетімді қамқорлығына алып, ішіп-жемін өз мойнына алса, кешірілмес күнә жасамаған жағдайда, Алла оны міндетті түрде жәннатқа кіргізеді»12.

Жетімнің болашағын ойлау

Жетімнің болашағын ойлау мәселесі Құранда бірнеше рет сөз болады. Бірқатар аятта ол жетімнің мал-мүлкін қорғау жөніндегі бұйрықтардан аңғарылса, енді бірінде тікелей айтылады.

Солардың бірі Мұса пайғамбар мен Қызырдың сапары баяндалатын қиссада келеді. Екеуі бір елді мекенге аялдағанда, тұрғындары оларды қонақ етуден бас тартады. Соған қарамастан, Қызыр құлағалы тұрған дуалды жөндеп береді. Мұса бұл істің себебін сұрағанда, Қызыр былай түсіндіреді:

«Ал енді мына дуал мәселесіне келсек, ол сол қаладағы екі жетім баланікі еді. Ал оның астында сол екеуіне тиесілі қазына жатқан болатын. Әкелері жақсы кісі еді. Сондықтан Раббың балалар ер жетіп, қазыналарын өздері қазып алғанын қалады»13.

Аятта қазынаны әкелері балаларына әдейі қалдырды деп ашық айтылмайды. Дегенмен тақуа әкенің оны осы мақсатпен қалдыруы мүмкін екенін де жоққа шығара алмаймыз. Аяттан Алла Тағаланың қазынаны балалар ер жеткенше сақтауды қалағаны анық аңғарылады. Жетімді есейгенше өмірге әзірлеу жөнінде басқа бір аятта мынадай бұйрық бар. «Жетімдерді үйленетін шағына жеткенге дейін жан-жақты бақылап, сынап бағыңдар. Егер олардың ақыл тұрғысынан толысқанына көздерің жетсе, мал-мүліктерін өздеріне тапсырыңдар»14.

Жетімге қатысты бірқатар үкімнің арасынан осы аят баланы болашаққа дайындаудың жолын көрсетеді. Әбу Бәкір ибн әл-Араби аяттағы «сынап бағыңдар» деген бұйрықты былай түсіндіреді: «Қамқоршы жетімнің мінез-құлқын бақылап, теріс бейімділіктеріне назар аударады. Сөйтіп, баланың өз ісін жүргізуге қаншалық ынталы екенін, мал-мүлкін сақтай ала ма, әлде оған немқұрайды қарай ма, соны аңғарады. Бақылау нәтижесінде баланың өз мүддесіне сай әрекет ете алатынына көз жеткізсе, мүлкінің аз бөлігін өз қолына береді. Балаға оны өз бетінше жұмсауға рұқсат етіледі. Егер бала қолына берілген мүлікті сақтап, көбейте алса, өз ісін өзі жүргізуге қабілетті саналады. Сол кезде қамқоршысы оған мал-мүлкін түгел тапсырады. Ал бала берілген мүлікті сақтай алмаса, қамқоршысы қалғанын оған тапсырмай, өзі сақтай береді».

Басқа ғалымдардың түсіндірмелеріне қарағанда, аяттағы сынап-байқаудың мақсаты сауда ісіне ептілігін тексерумен шектелмейді. Қамқоршы баланы өз ісін өзі жүргізе алатындай етіп, өмірге дайындайды. Бұған діни және дүниелік білім беру, саудаға немесе өзге кәсіпке баулу, көркем мінез бен әдепке тәрбиелеу кіреді. Елмалылы аятты былай түсіндіреді: «Жетімдерді сынап байқаңдар, тәлім-тәрбие беріңдер, өз ісін дұрыс жүргізуге дағдыландырыңдар. Үйленетін жасқа, яғни балиғатқа жеткенде, бойынан парасат байқап, ақыл-ойы мен діни тәрбиесі толысқанын, өз ісін өзі дұрыс жүргізе алатынын аңғарсаңдар, мал-мүлкін дереу өздеріне тапсырыңдар».

Парасат

Жоғарыдағы аяттағы «ақылы толысу» ұғымы арнайы түсіндіруді қажет етеді. «Жетімдерді үйленетін шағына жеткенге дейін жан-жақты бақылап, сынап бағыңдар. Егер олардың ақыл тұрғысынан толысқанына көздерің жетсе, мал-мүліктерін өздеріне тапсырыңдар». Мұндағы парасат адамның балиғатқа жетуін емес, ақыл-ойының толысуын білдіреді. Нақты айтқанда, ол – діні мен дүниесіне не пайдалы, не зиян екенін ажырата білу.

Мал-мүлкін ұқыппен сақтап, теріс қылық пен ысыраптан аулақ жүрген адамды «парасатты» дейді. Балиғатқа жеткен әрі өз ісін дұрыс жүргізе алатын адам да солай аталады. Имам Шафиғи парасатты тану үшін адамның діндарлығын да шарт санаған. Ол парасатты дін мен дүние ісін дұрыс жүргізу, Аллаға мойынсұну және мал-мүлкін сақтау деп түсіндіреді. Осы пікір бойынша, діндарлығы кем адам парасатты деп танылмайды.

Балиғатқа жеткен бала әлі де мал-мүлкін сақтай алмай, өз ісін жүргізуге қиналуы мүмкін. Мұндай жағдайда ол парасатты деп танылмайды. Аят бойынша, жетімнің мүлкі бойынан парасат байқалғанда ғана өзіне беріледі. Демек, мүлікті тапсырудың екі шарты бар: балиғатқа жету және парасат таныту. Имам Ағзамның көзқарасы бойынша, ақыл-есі дұрыс адамды жиырма бес жасына дейін ғана күтуге болады. Сол жасқа жеткенде парасатты деп танылмаса да, мүлкі өзіне беріледі. Өйткені бұл – адамның ата атануы мүмкін жас. Бұдан кейін оның мүлкін пайдалану құқығын шектеуге болмайды. Мүслимде Ибн Аббастан жеткен түсіндірмеге сәйкес, Имам Мәлик пен Имам Шафиғи сияқты бірқатар ғалым жетімдіктің аяқталуын жас мөлшерімен емес, баланың бойынан парасат байқалуымен байланыстырған.

Фиқһ кітаптарында балиғат пен парасат қатар келген шақ «есею жасы» деп аталады. Осы межеден кейін адамға балаға тән үкімдер қолданылмайды.

Жетімге жақсылық жасау

Жетімді тәрбиелеу, бағып-қағу және қамқорлыққа алу мәселелері «Бақара» сүресінің 220-аятында сөз болады. «Олар сенен жетімдер жайлы сұрайды. Сұрағандарға былай де: “Оларға жақсылық жасау қайырлы іс. Егер бауырларыңа басып, етене араласатын болсаңдар, әлбетте, олар – бауырларың. Алла кімнің бұзғыншы, кімнің оңалтушы екенін жақсы біледі”. Алла қаласа, сендерге ауыр жүк артып қояр еді».

Аятты жақсырақ түсіну үшін оның түсу себебіне тоқталайық. Дереккөздерде «Жетімдердің мал-мүлкін зұлымдықпен жейтіндер, расында, қарындарын тек отқа толтыруда. Олар көп ұзамай-ақ жалын атқан отқа тасталады»15 деген аят түскенде, мұсылмандар жетімді қамқорлығына алуға және оның мал-мүлкіне бас-көз болуға жүрексінгені айтылады. Олар осы қиындықтан қалай шығу керегін Алла елшісінен (с.а.с.) сұрағанда, жетімге қалай қарайласу керегін білдіретін аят түсті.

Аят жетімді шеттетпей, оның жеке басы мен мүлкіне қатысты істерді ретке келтіруге және отбасына қосуға үндейді. Жетімнің ісін оның игілігіне сай жүргізу екі тарапқа да қайырлы. Ислам ғалымдары жетімге жасалатын жақсылықты бірауыздан екі топқа бөледі:

1. Жетімнің жеке басына, соның ішінде тән саулығына қатысты істер.

2. Жетімнің мал-мүлкіне қатысты істер.

Әбу Бәкір ибн әл-Араби қамқоршыға жетімнің өзі мен мал-мүлкін қорғау міндеті жүктелетінін «жетімдерді сынап бағыңдар» деген аяттан шығарады. Ол былай дейді: «Қамқоршы баланың тәнін де, мал-мүлкін де қорғауға міндетті. Сонда ғана баланың қабілетін дұрыс бағалауға болады. Мал-мүлікті ұқыппен басқару, баланы тәрбиелеу арқылы екеуін де қорғауға болады».

Аятта жетіммен бірге тұру оның жеке басын да, мал-мүлкін де қамтиды. Мұның мәні мынадай: «Жетімдерді отбасыларыңа алып, мүлкін өз мүліктеріңмен бірге басқарыңдар. Өз балаларыңа және олардың мүлкіне қалай қарасаңдар, жетімдерге де солай қараңдар. Оларды ас-су, баспана және өзге де тұрмыс игіліктеріне ортақ ету қайырлы. Олар – сендердің дін бауырларың».

Ғалымдар осы аятқа сүйеніп, жетімді өз қамқорлығына алған адамға оның жеке басына және мал-мүлкіне қатысты шешім қабылдау құқығы берілетінін айтады. Әр шешім баланың игілігіне сай болуы керек. Жассас қамқоршының мүлікке қатысты өкілетіне баланың атынан сатып алу мен сатуды, оның мүлкін пайда бөлісу шартымен басқаға басқаруға беруді немесе өзі басқаруды, сондай-ақ баладан сатып алу мен балаға сатуды жатқызады.

Қамқоршының жетімнің жеке басына қатысты өкілеті

Жассас қамқоршының өкілетіне жетімге әдеп үйретуді, оны тәрбиелеуді және үйлендіруді жатқызып, былай дейді: «Аят қамқоршының балаға оның өсуіне қажет діни білім мен әдепті үйретуіне жол ашады. Осы мақсатпен ақы төлеп мұғалім жалдай алады, өнер, сауда және басқа кәсіп түрлерін үйрететін адамдар таба алады. Мұның бәрі баланы өмірге бейімдеу үшін керек». Ханафи ғалымдары: «Қамқорлығындағы жетім бала некелесуіне болмайтын жақын туысы болса, оны кәсіп үйрететін ұстазға тапсыра алады», – деген. Имам Мұхаммед осы мақсатқа баланың мал-мүлкінен жұмсауға болатынын айтқан. Ханафи ғалымдары: «Жетімге мүлік сыйға берілсе, тәрбиесіне жауапты адам, заңды қамқоршысы болмаса да, оны баланың атынан қабылдай алады. Өйткені мұның балаға пайдасы бар», – деген пікірде бірауызды. Фахруддин әр-Рази баланың бойына білім мен әдеп дарыту сауда секілді кәсіп үйретуден маңыздырақ, өйткені оның балаға оң ықпалы көбірек екенін атап өтеді.

Қамқоршының балаға қатысты шешім қабылдау құқығы

Қамқоршының баланы үйлендіруге қатысты өкілетіне тоқталмас бұрын, Жассастың аяттан шығарған мына тұжырымын келтірейік: «Аят қамқоршының балаға қатысты туындаған мәселелерді ақылға салып, өзі шешуіне негіз болады. Өйткені балаға қай істің пайдалы екенін қамқоршы ой елегінен өткізіп, неғұрлым нанымды пайымына сүйеніп анықтайды».

Жетімге жақсылық жасау кімге пайдалы?

Аятта жетімге жақсылық жасаудың қайырлы екені жалпы айтылады. Ғалымдар мұны балаға да, қамқоршыға да қайырлы деп түсіндірген. Қамқоршы баланы қолына алған туысы немесе оның өзге заңды өкілі болуы мүмкін. Ондай адам табылмаса, қамқорлық мемлекетке жүктеледі. Осы тұрғыдан жетімнің дұрыс тәрбиеленуі оның өзіне де, мұсылман қоғамына да пайдалы. Ал қараусыз өссе, баланың өзі де қиындық көреді, қоғамда да түйткіл тууы мүмкін.

Діни білім, әдеп пен адамгершілік тәрбиесін алмай, кәсіпке баулынбай үлкен өмірге қадам басқан баланың қоғамға бейімделуі қиынға соғады.

Отбасылық қамқорлық

Аятта жетімді материалдық та, рухани да зиянға ұшыратпай, өз отбасыңда тәрбиелеу құпталады. Мұндағы мақсат – баланың отбасы мүшесі болып өсуі. Құран Кәрімде баланы емізу және емізу мерзімі тәрізді күтім мен тәрбиеге қатысты мәселелер егжей-тегжейлі айтылады. Ал баланың міндетті түрде отбасында өсуі туралы ашық әмір жоқ. Жоғарыдағы аятта оның игілігі қамтамасыз етілсе, отбасында тәрбиеленгені қайырлы екені аңғартылады. Алайда отбасы балаға лайық жағдай жасай алмаса, оны қамқорлығына алу баланың игілігіне қызмет етпейді. Жоғарыда келтірілген риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) жетімге жаман қарайтын үйдің ең нашар үй екенін айтқан.

Балабақша, бөбекжай, мектепалды даярлық мекемелерін де аят пен хадистегі осы өлшеммен қарастыруға болады. Мұндай мекемелерге қатаң шарттармен ғана рұқсат берілуі мүмкін, оның өзі де күмәнді. Аятта баланың отбасында өскені қайырлы екені айтылады. Ал жетім балаларды бір жерге жинап, арнайы мекемеде тәрбиелеу туралы сөз қозғалмайды.

Баланың жан-жақты жетілуі үшін отбасы ортасының маңызын көрсеткен зерттеулерге сүйенсек, кейінгі ғасырларда пайда болып, кең тараған бұл мекемелерді қазіргі өркениеттің осал тұсы деуге болады.

Жетімнің мал-мүлкін қорғау

Ислам баланы өмірге даярлауда оның мал-мүлкін қорғауға айрықша мән береді. Құранда бұл мәселе жетімдер жайлы аяттарда қарастырылған. Тәпсірлерде айтылғандай, Исламға дейінгі араб қоғамында кей қамқоршылар жетімнің мал-мүлкін өз қалауынша жұмсап, тауысып отырған. Құран Кәрім бірнеше аятта жетімнің мал-мүлкін сақтауды, көбейтуді және белгілі бір тәртіппен жұмсауды тапсырады. Бұл тәртіпті бұзып, жетімнің малын жегендерге қатаң ескерту жасайды: «Жетімдердің мал-мүлкін зұлымдықпен жейтіндер, расында, қарындарын тек отқа толтыруда. Олар көп ұзамай-ақ жалын атқан отқа тасталады»16.

Құранның екі жерінде жетімнің мал-мүлкіне оның игілігін көздейтін жолмен ғана жақындау бұйырылады: «Жетімнің мал-мүлкіне кәмелетке толғанға дейін жақсы ниетпен болмаса, мүлдем жоламаңдар»17.

Осы мәселе қозғалған өзге аяттарға сүйенген тәпсіршілер «жақсы ниетпен» деген тіркестен үш міндетті шығарады:

1. Мал-мүлікті сақтау.

2. Мал-мүлікті көбейту.

3. Мал-мүлікті уақытында тапсыру.

Осы үш міндет «Ниса» сүресіндегі аятта айқын баяндалады.

Кейбір үкімдері жоғарыда түсіндірілген аяттың толық аудармасы мынадай:

«Жетімдерді үйленетін шағына жеткенге дейін жан-жақты бақылап, сынап бағыңдар. Егер олардың ақыл тұрғысынан толысқанына көздерің жетсе, мал-мүліктерін өздеріне тапсырыңдар. Есейгенде қайтарып алады екен деп, олардың мал-мүлкін оңды-солды шашып, талан-таражға салмаңдар. Қамқоршылардың арасынан кімде-кім бай болса, жетімнің мал-мүлкіне тимесін. Ал қолы қысқа қамқоршы оның мал-мүлкінен мұң-мұқтажын өтейтіндей ғана мөлшерде ішіп-жесін. Оларға мал-мүліктерін қайтарып бергендеріңде, мұны куәгерлер арқылы куәландырыңдар. Жауапқа тартушы ретінде бір Алла жеткілікті!»18

Жетімнің мал-мүлкін қорғауға қатысты осы үш міндетке жеке-жеке тоқталайық.

Сақтау

Бала ақыл тоқтатып, өз ісін өзі жүргізіп, мал-мүлкін орнымен жұмсай алатын дәрежеге жеткенше, қамқоршысы оның дүниесін сақтауға тиіс. Бұл – мүлікті ысырап етуден, бүлінуден, талан-таражға түсуден және кәдеге аспай бос жатудан қорғау деген сөз.

Құран Кәрімде бұл жөнінде былай делінген:

«Жетімдердің мал-мүлкін өздеріне толық қайтарып беріңдер. Жақсыны жаманға айырбастамаңдар және олардың мал-мүлкін өз мүліктеріңе қосып жемеңдер. Шүбәсіз, бұлардың әрбірі үлкен күнә»19.

«Жетімдердің мал-мүлкін өздеріне толық қайтарып беріңдер» деген әмірдегі «жетім» сөзі балиғатқа жетіп, ақыл тоқтатқан адамды да қамтиды. Ол жетімдік жасынан енді ғана шыққандықтан солай аталған. Аяттың түсу себебі жайлы риуаяттарға қарағанда, бұл әмір қамқоршыға жетімнің дүниесіне көз тікпей, аман сақтауды және уақыты келгенде еш қиындық тудырмай, түгел тапсыруды міндеттейді.

Қамқоршы жетімнің дүниесін қалай сақтауға тиіс екенін түсіну үшін аяттағы екі әмірдің түсіндірмесіне назар аударайық.

1. «Жақсыны жаманға айырбастамаңдар» деген әмірді ғалымдар бірнеше тұрғыдан түсіндірген:

а) Қамқоршыға өзіндегі сапасы төмен мүлікті жетімнің сол тектес, бірақ құны жоғары мүлкіне айырбастауға тыйым салынған.

ә) Әркімге өз мүлкі адал. Қамқоршының жетімнің мүлкін өз пайдасына иемденуі харам. Сондықтан оған өз мүлкін жетімдікіне айырбастауға болмайды. Тыйым біртектес затты, өзге затты немесе ақшаны айырбасқа ұсынған жағдайда да күшінде. Осыған сүйенген фиқһ ғалымдары қамқоршының қарауындағы баламен кәдімгі шарттар бойынша сауда жасауына тыйым салған. «Ахкамус-сиғар» еңбегінде бұл жөнінде «Әл-Фатауа әс-суғрада» келтірілген мына үкім беріледі: “Қамқоршы жетімнің мүлкін өзіне сатып алғысы келсе, сауда балаға тиімді болған жағдайда рұқсат етіледі. Мәселен, құны он дирхам затты он бес дирхамға немесе одан жоғары бағаға сатып алуы, не өзінің он бес дирхамдық затын балаға он дирхамға сатуы балаға тиімді. Тиімсіз мәмілеге рұқсат жоқ”. Пәтуа осыған сай беріледі. Жылжымайтын мүлік туралы тағы бір пәтуада қамқоршының жетімнің мүлкін бөгде кісіге нарықтық құнымен сатуы рұқсат етілетіні және мәміле жұртқа жария болуға тиіс екені айтылады. Шәмсул-Әйммә әл-Халуани былай дейді: «Бұл – алғашқы ғалымдардың жауабы. Кейінгі ғалымдар үш жағдайдың бірі орындалғанда ғана сатуға рұқсат еткен. Сатып алушы мүліктің құнынан артық төлейді, бала сатудан түсер қаражатқа мұқтаж немесе марқұмның өтелмеген қарызы бар. Пәтуа осы пікірге сүйеніп беріледі».

Осылайша, жетімнің жылжымайтын мүлкін сатуға қатаң шарт қойылып, оның оңды-солды жұмсалып кетуіне жол берілмеген.

б) Үшінші түсіндірме қамқоршының өз дүниесіне ұқыпты қарап, жетімнің мүлкіне салғырт қарауына тыйым салады. Ол жетімнің мүлкіне кемінде өз дүниесіндей ұқыппен, тіпті одан да мұқият қарауға тиіс.

в) Төртінші түсіндірме бойынша, жетімнің мүлкін қиянатпен алу өз қолыңдағы адал дүниеңнің зая кетуіне, бәлеге ұшырауыңа себеп болады.

г) Соңғы түсіндірме өз адал ризығына қанағат етпей, жетімнің дүниесін харам жолмен жеуге тыйым салынғанын білдіреді.

2. Алдыңғы аяттағы «Қамқоршылардың арасынан кімде-кім бай болса, жетімнің мал-мүлкіне тимесін. Ал қолы қысқа қамқоршы оның мал-мүлкінен мұң-мұқтажын өтейтіндей ғана мөлшерде ішіп-жесін» деген әмірге де тоқталайық.

Имам әр-Разидің айтуынша, бірқатар ғалым қамқоршы бай болса да, кедей болса да, еңбегі үшін жетімнің мүлкінен ақы ала алады деген. Ал көпшілік ғалым аятқа сүйеніп, бай қамқоршы ақы алмауға тиіс деп есептеген. Өйткені жетімге қарайласу – парыз, ал парызды өтеу үшін ақы алынбайды. Бұл пікір бойынша кедей қамқоршы өз қажетіне жетер ең аз мөлшерді ғана алады. Кейін дәулеті артса, алғанын қайтарады. Байымаса, жетімнен ризалық сұрайды.

Көбейту

Қамқоршы жетімнің мал-мүлкін өзі немесе басқа адам арқылы айналымға салып, көбейтуге тиіс. Қолма-қол ақшаны пайдасын бөлісу шартымен, яғни мұдараба жолымен, саудаға салады. Үйі не малы болса, жалға береді. Жері болса, өзі егіп немесе басқаға ектіріп, бос қалдырмайды.

Уақытында тапсыру

Жетімнің мүлкіне ұқыпты қараудың үшінші шарты – оны уақытында тапсыру. Бала ақыл тоқтатпай тұрып мүлкін беруге болмайды. Ақыл тоқтатқан соң қайтаруды кешіктіруге де тыйым салынған. Бірқатар ғалым осы аятқа сүйеніп, баланың ақыл тоқтатқаны белгілі болса, оның сұрауын күтпей, мүлкін дереу тапсыру уәжіп деген.

Аят мал-мүлікті куәгерлердің алдында тапсыруды бұйырады. Ғалымдар бұл әмірді қамқоршы мүлікті санап, куәгерлердің көзінше беруге тиіс деп түсіндірген. Өйткені куәгерлердің көзінше аманатқа алынған мүлік дәл солай тапсырылғанда, қамқоршының оны сақтау жауапкершілігі тоқтайды.

Жауапкершілікке ерте баулу

Құран Кәрім баланы мүмкіндігінше ерте жастан жауапкершілікке баулуға үндейді. Бұған балиғатқа толғанға дейін берілетін жүйелі де тиянақты тәлім-тәрбие арқылы қол жеткізіледі.

Аят жетімдерді ерте жастан өмірге дайындау үшін оларды бақылап, сынап бағуды тапсырады. Ал ақыл тоқтатқаны белгілі бола салысымен мүлкін қайтару туралы әмір олардың өз ісін өз қолына алуын кешіктірмеуге шақырады.

Осы аят тұрғысынан қоғамымызға көз салайық. Әскери борышын өтеп келсе де, әкесінің қамқорлығынан шыға алмай жүрген жастар аз емес. Кейбірі ақыл тоқтатар жасқа жеткелі талай жыл өтсе де, өз еңбегімен күн көре алмай, отбасының мойнында қалады. Намаз, ораза, зекет секілді парыздарды тәрк етуімізден де, осындай тәрбиелік кемшіліктерімізден де Ислам рухынан қаншалық алшақтағанымыз аңғарылады.

Үйлендіру

Ғалымдардың осы аяттан шығарған үкімдерінің бірі үйлендіруге қатысты. Олар «оларға жақсылық жасау – қайырлы іс» деген сөзден қамқоршыға жетімнің үйленуіне ұйытқы болу құқығы берілгенін аңғарған.

Бұл құқық жетімнің туысы болып келетін қамқоршыға ғана берілген. Туыстық байланысы жоқ адамның қамқоршы болуы оған мұндай өкілет бермейді. Ғалымдар аяттың сыртқы мағынасына сүйеніп, қазыға баланың игілігі үшін оның некесі мен мал-мүлкін жұмсау жөнінде шешім шығаруға болады деген.

Ғалымдар «егер олармен бірге тұрсаңдар» деген сөзді де осы тұрғыдан түсіндірген. Бұл тіркес қамқоршының жетімді үйлендіру ісімен шұғылдану құқығы мен міндетін айқындай түседі. Түсіндірмеде қамқоршы жетім ұлды өз қызына, жетім қызды өз ұлдарының біріне некелестіру арқылы оны отбасына жақындата алады делінген. Қамқоршы жетіммен өзі некелескен жағдайда да, оны туысына қосқанда да оның игілігін көздеуі шарт.

Бұл мәселе «Ниса» сүресінде қайта қозғалады. Қамқоршы жетім қызбен өзі некелескісі келсе, оған әділетсіздік жасамауы қажет: «Қамқорлықтарыңа алған жетімдерге әділ бола алмаудан қорықсаңдар, өздеріңе ұнаған әйелдердің екеуімен, үшеуімен немесе төртеуімен үйленіп, отау құруларыңа болады»20. Құран Кәрім қиянатқа ұшырауы мүмкін әлсіз жандарға назар аудартып, олардың ақысын қорғайтын қағидалар белгілейді. Осыған орай, «Ниса» сүресінің 2, 3, 6, 9, 10 және 11-аяттарында сөз болған үкімдерге қайта сілтеме жасалады: «Олар сенен әйелдер жайлы пәтуа сұрайды. Былай деп айт: “Олар жайлы пәтуаны Алла сендерге беруде. Әрі сендерге осынау Кітапта мәһірін бермей-ақ некелесіп алғыларың келген жетім әйелдерге, әлжуаз балаларға және жетімдерге әділ болуларың керектігі жайлы үкімдерді қамтыған аяттар оқылуда”. Естеріңде болсын, кімге қандай жақсылық жасасаңдар, шүбәсіз, Алла оны біледі»21.

Ерте үйлендіру

Жоғарыдағы аяттарда жетім ұл мен қыздың некесіне қатысты үкімдер баяндалады. Осы үкімдерден жастарды ерте үйлендіруге рұқсат пен ынталандыру бар деген тұжырым да жасалған. Бұл пікірге мына риуаят дәйек ретінде келтіріледі.

Бәйһақидің «Шуғаб әл-иман» жинағындағы риуаятта (№8299): «Кімнің баласы дүниеге келсе, оған жақсы ат қойып, көркем тәрбие берсін. Балиғатқа жеткенде үйлендірсін. Балиғатқа жеткен баласын үйлендірмесе және ол күнә жасаса, сол күнәнің жауапкершілігі әкесіне жүктеледі», – делінген. Бұл риуаяттың иснадын әл-Албани әлсіз деп бағалаған. Сахабалардан жеткен мысалдармен қатар, Құран Кәрімде қыз жағының да лайықты жар іздеп, ұсыныс жасай алатыны көрінеді. Құранда аты аталмаған, кей тәпсіршілер Шұғайып пайғамбар деп таныған Мәдиян тұрғыны Мұсаға былай дейді: «Сені мына екі қызымның біреуіне қосқым келеді. Соның қарымы ретінде қолымда сегіз жыл жұмыс істейсің»22.

Қоғамымызда дәстүрге айналмаған осы Құран тәлімін біліп жүргеніміз абзал.

Баланың мал-мүлкі және ата-анасы

Жетім баланың да, ата-анасы бар баланың да мүлкі бірдей қорғалатынын «Ахкамус-сиғар» еңбегінен алынған бірнеше пәтуа көрсетеді. Құран Кәрім жетімнің мал-мүлкіне қол сұғуды харам етіп, қамқоршыға оны белгілі бір шарттармен ғана пайдалануға рұқсат берген. Ислам ғалымдары балиғатқа толмаған баланың мүлкін ата-анасына да сол сияқты қатаң шарттармен ғана пайдалануға болатынын айтады. Бұл шарттар сақталмаса, баланың дүниесін жұмсау жетімнің малын жегендей харам саналады. Мұндағы негізгі қағида – «Әр адамға өз еңбегінің ғана қарымы тиесілі»23. Осы аятқа сүйенген ханафи фақиһтары балиғатқа толғанға дейін істеген жақсылықтарының сауабы тек баланың өзіне тиесілі екеніне бірауыздан келіскен.

1. Әл-Қади әл-Имам Заһируддиннің пәтуалар жинағындағы сыйға беру бөлімінде мына жағдай қарастырылған. Әке тұрғылықты жерінде кедейліктен баласының мүлкіне мұқтаж болса, пайдаланғанының құнын өтеуден босатылады. Ал елсіз далада, тау мен шөлде азығы таусылып, баласының дүниесін пайдаланса, оның құнын өтейді. Бұл пәтуада Алла елшісінің (с.а.с.) «Әке мұқтаж болса, баласының мал-мүлкінен жөн-жосықпен пайдалана алады» деген сөзі келтіріледі. Мұндағы жөн-жосық – кедей әкенің құнын өтемей, ауқатты әкенің құнын өтеп пайдалануы.

2. Рашидуддиннің пәтуасы бойынша, ана өз қаражаты мен баласының қаражатын қосып, азық-түлік сатып алып, баласымен бірге тамақтанғанда өз үлесінен артық жесе, бұған рұқсат жоқ. Мұндай іс жетімнің малын жегенмен теңестіріледі.

3. Әкесі ұлдарын жұмысқа орналастырса, олардың тапқан ақшасын алып, балаларының қажетіне жұмсайды. Артылғанын балалары балиғатқа толғанда өзге мүлкімен бірге тапсыру үшін сақтайды.

Әкесі ысырапшыл болып, оған баланың дүниесін сеніп тапсыруға болмаса, қазы мүлікті одан алып, сенімді адамға береді. Бұл үкім баланың табысынан артқан қаражатқа да, басқа мал-мүлкіне де қатысты.

4. Кішкентай балаға жеміс сыйлаған адам одан ата-анасы да дәм татсын деп ниеттенсе, оларға одан жеуге болады. Ал сый тек балаға арналса, ата-анасына одан жеуге рұқсат жоқ.

Балаға сыйға берілген азық-түліктен өзге заттар да баланың меншігіне өтеді. Сондықтан, жоғарыда айтылған шарттарға сай келмесе, балиғатқа толмаған баланың кез келген мүлкін ата-анасының өз қажетіне жұмсауы харам.

Жолды кедергілерден тазарту

181
Кутуб ситтә, № 181 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «بَيْنَمَا رَجُلٌ يَمْشِي بِطَرِيقٍ وَجَدَ غُصْنَ شَوْكٍ عَلَى الطَّرِيقِ فَأَخَّرَهُ، فَشَكَرَ اللَّهُ تَعَالَى لَهُ فَغَفَرَ لَهُ». وَفِي رِوَايَةٍ لِأَبِي دَاوُدَ: «نَزَعَ رَجُلٌ لَمْ يَعْمَلْ خَيْرًا قَطُّ غُصْنَ شَوْكٍ عَنِ الطَّرِيقِ، إِمَّا كَانَ فِي شَجَرَةٍ فَقَطَعَهُ وَأَلْقَاهُ، وَإِمَّا كَانَ مَوْضُوعًا فَأَمَاطَهُ، فَشَكَرَ اللَّهُ لَهُ بِهَا فَأَدْخَلَهُ الْجَنَّةَ».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Бір кісі жолда келе жатып, тікенді бұтақты көрді де, оны жол шетіне алып тастады. Алла тағала оның бұл ісін қабыл етіп, күнәсін кешірді”, – деді».

Бұл хадисті Нәсәиден басқа бес жинақ иесі жеткізген. Әбу Дәуіттің риуаятында: «Бұрын еш жақсылық жасамаған бір кісі жолдан тікенді бұтақты алып тастады. Бұтақ ағашта болса, оны кесіп, лақтырып жіберді, ал жерде жатса, жолдан алып тастады. Алла осы ісін қабыл етіп, оны жәннатқа кіргізді», – делінген1.

  1. 1Бұхари, «Мәзалим», 28 (№2472), «Жамағат», 32. Мүслим, «Бирр», 128 (№1914), «Имәрат», 163 (№1914). Мәлик, «Муатта», «Саләтул-жамағат», 6 (1/131). Тирмизи, «Бирр», 38 (№1958). Әбу Дәуіт, «Әдеп» (№5245).
182
Кутуб ситтә, № 182 · тараудағы реті: 2

وَلِمُسْلِمٍ عَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «عُرِضَتْ عَلَيَّ أَعْمَالُ أُمَّتِي حَسَنُهَا وَسَيِّئُهَا، فَوَجَدْتُ فِي مَحَاسِنِ أَعْمَالِهَا الْأَذَى يُمَاطُ عَنِ الطَّرِيقِ، وَوَجَدْتُ فِي مَسَاوِئِ أَعْمَالِهَا النُّخَاعَةَ تَكُونُ فِي الْمَسْجِدِ لَا تُدْفَنُ».

Қазақша аудармасы

Әбу Зәрр (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Маған үмбетімнің жақсы да, жаман да істері көрсетілді. Ізгі істерінің арасынан жолдағы кедергіні алып тастауды көрдім. Жаман істерінің арасында мешітке түкіріп, оны көмбей қалдыру да бар екен»1.

  1. 1Мүслим, «Мәсәжид», 58 (№553).
183
Кутуб ситтә, № 183 · тараудағы реті: 3

وَلَهُ عَنْ أَبِي بَرْزَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قُلْتُ: يَا نَبِيَّ اللَّهِ، عَلِّمْنِي شَيْئًا أَنْتَفِعُ بِهِ. قَالَ: “اعْزِلِ الْأَذَى عَنْ طَرِيقِ الْمُسْلِمِينَ”».

Қазақша аудармасы

Әбу Бәрзә (р.а.) былай дейді:

«Уа, Алланың пайғамбары, маған пайдасы тиетін бір нәрсе үйретіңізші», – дедім. Ол: «Мұсылмандардың жолындағы кедергіні алып таста», – деді1.

Түсіндірме

Жол туралы осы үш хадиске орай «Пайғамбар сүннетіндегі тәрбие» атты еңбегіміздегі түсіндірмеге тоқталайық. Сүннет өркениеттің дамуына қажет жол салу, жолды күтіп ұстау және оның қауіпсіздігін сақтау мәселелеріне назар аударады. Алла елшісі (с.а.с.) құрылыс кезінде жолға орын қалдыруды және оның енін кемінде жеті зирағ, яғни жеті шынтақ етуді талап еткен. Жол дауы туғанда да жеті зирағ өлшеміне сүйенуді бұйырған. Хадис түсіндірмелерінде егістік пен бау-бақша арасындағы көп жүрілмейтін жолды көршілер келісіммен кеңейтіп не тарылта алатыны айтылады. Жеті зирағ өлшемі дау туған жағдайда қолданылады. Жол қанша кең болса да, оның бір бөлігін өз бетінше иемденуге ешкімнің қақысы жоқ.

Ибн Хажардың айтуынша, жеті зирағ ені жүк тиелген көліктердің еркін өтуіне және қажет кезде кей заттарды есік алдына қоюға мүмкіндік берген. Бұл ен көпшілік қажетіне бөлінгендіктен, жол одан кең болмаса, оны тарылтып, отыруға немесе сауда жасауға тыйым салынған. Хадис түсіндірмелерінен бұл өлшемнің әр дәуірдегі көлік түріне қарай өзгеретіні аңғарылады. Мәселен, әзірет Омардың (р.а.) халифалығы кезінде Басра мен Куфа салынғанда, негізгі көшелердің ені жиырма, шағын көшелердікі тоғыз зирағ болған.

Бұл түсіндірмеде мұсылмандарға жол үстінде жапа шектіргендерге қарғыс айтылғаны баяндалады. Жолды бөгеген адамның тіпті жиһадтағы амалы қабыл болмайтыны және қайтыс болғанда жаназа намазы оқылмайтыны да айтылады. Осы ескертулер жол қауіпсіздігіне қаншалық мән берілгенін көрсетеді.

Жолаушыларға кедергі келтіретін нәрсені жолдан алып тастау садақа саналады. Осылайша мұсылмандар жолды таза ұстауға шақырылған. Мұның мәні кей риуаяттарда мына мысалмен түсіндіріледі: «Бұрын еш жақсылық жасамаған бір адам жолаушыларға бөгет болған ағаш бұтағын жолдан алып тастады. Алла Тағала осы ісіне разы болып, оны жәннатқа кіргізді».

Жол күтіміне үндеген мұндай хадистер кейінгі халифалардың осы іске ерекше көңіл бөлуіне түрткі болған.

Әзірет Омар Мекке мен Мәдина арасындағы жол бойына құдық қаздырып, қонып, тынығатын орындар салдырған. Қарамағындағы мұсылман емес қауымдармен жасасқан келісімдерге жолдар мен көпірлерді жөндеу шартын енгізген. Әзірет Әли дүкендердің көшеге шығып, жолды тарылтуына тыйым салған. Әмәуилер тұсында жүрген қашықтықты анықтау үшін жол бойына әр үш мың зирағ сайын белгі қойып, оған арақашықтықты «миль» өлшемімен жазған. Әл-Мақризидің айтуынша, һижраның 166 жылы халифа Мәһди Мекке, Мәдина және Йемен арасында түйе мен қашыр пайдаланатын пошта қызметін құрған. Шамға апаратын жолдар жақсы күтілген, аялдайтын орындарда ас-ауқат, сусын мен жемшөп болған. Қауіпсіздік соншалық, Каирден шыққан әйел жолға азық алмай-ақ Шамға жаяу немесе атпен жете алған. Әл-Мақризи бұл жағдайдың һижраның 803 жылы (милади 1400 жылы) Әмір Темірдің жорығына дейін жалғасқанын айтады.

  1. 1Мүслим, «Бирр», 131 (№2618).