عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «دَخَلَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَلَى ضُبَاعَةَ بِنْتِ الزُّبَيْرِ، فَقَالَ لَهَا: لَعَلَّكِ أَرَدْتِ الْحَجَّ؟ قَالَتْ: وَاللَّهِ، لَا أَجِدُنِي إِلَّا وَجِعَةً. فَقَالَ لَهَا: حُجِّي وَاشْتَرِطِي، قُولِي: اللَّهُمَّ مَحِلِّي حَيْثُ حَبَسْتَنِي. وَكَانَتْ تَحْتَ الْمِقْدَادِ بْنِ الْأَسْوَدِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ.
Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Дубаға бинт әз-Зубәйірге кіріп: “Қажылық жасағың келіп жүр ме?” – деп сұрады. Ол: “Аллаға ант етейін, сырқаттанып тұрмын”, – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Қажылық жаса, бірақ шарт қой. ‘Уа, Алла! Қай жерде мені тоқтатсаң, сол жерде ихрамнан шығамын’ деп айт”, – деді. Дубаға Миқдад ибн әл-Әсуадтың жары еді»1.
Түсіндірме
1. Дубаға – Алла елшісінің (с.а.с.) көкесінің қызы. Қажылық жасағысы келгенімен, сырқаты сыр берген соң, Алла елшісіне (с.а.с.) жағдайын айтып, пәтуа сұрады. Алла елшісі (с.а.с.) оған «Ғибадатты жалғастыра алмай қалған жерде ихрамнан шығамын» деп шарт қойып, қажылыққа кірісуді ұсынды.
Мүслимдегі кейбір риуаятта Дубағаның (р.а.) қажылыққа барып, рәсімдерді толық аяқтағаны анық айтылады.
2. Ғалымдардың мұндай шартқа қатысты пікірі әртүрлі. Сахабалардан Омар, Осман, Әли, Ибн Мәсғуд, Аммар мен Ибн Аббас, табиғиндерден Сағид ибн әл-Мусайяб, Уруа ибн Зубәйір, Ата, Алқама және Шурайх мұндай шартқа рұқсат берген. Шафиғидің кең тараған пікірі де осы. Ахмад ибн Ханбал, Исхақ және Әбу Сәур да осы көзқарасты ұстанған.
Кей ғалымдар мұндай шарт жарамсыз деп санаған. Сахабалардан Айша мен Ибн Омар, сондай-ақ Имам Ағзам Әбу Ханифа, имам Мәлик, Нахағи, Тауус, Сағид ибн Жубәйір, Хакам және Суфиян әс-Сәури осы пікірде болған.
- 1Бұхари, «Никах», 15 (5089). Мүслим, «Хаж», 104 (1207а). Нәсәи, «Хаж», 60 (5/168, 2766–2768).