عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ الْفَضْلُ بْنُ الْعَبَّاسِ رَدِيفَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ، فَجَاءَتْهُ امْرَأَةٌ مِنْ خَثْعَمَ تَسْتَفْتِيهِ، فَجَعَلَ الْفَضْلُ يَنْظُرُ إِلَيْهَا وَتَنْظُرُ إِلَيْهِ، فَجَعَلَ النَّبِيُّ ﷺ يَصْرِفُ وَجْهَ الْفَضْلِ إِلَى الشِّقِّ الْآخَرِ. قَالَتْ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنَّ فَرِيضَةَ اللَّهِ عَلَىٰ عِبَادِهِ فِي الْحَجِّ أَدْرَكَتْ أَبِي شَيْخًا كَبِيرًا لَا يَسْتَطِيعُ أَنْ يَثْبُتَ عَلَى الرَّاحِلَةِ، أَفَأَحُجُّ عَنْهُ؟ قَالَ: نَعَمْ. وَذَلِكَ فِي حَجَّةِ الْوَدَاعِ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.
Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Фадл ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) көлігіне мінгесіп келе жатқан еді. Хасғам тайпасынан бір әйел пәтуа сұрай келді. Фадл әйелге, әйел Фадлға қарады. Пайғамбар (с.а.с.) Фадлдың жүзін басқа жаққа бұрды. Әйел: “Уа, Алла елшісі! Алла құлдарына қажылықты парыз еткенде, әкем қартайып, көліктің үстінде отыра алмайтын күйге жеткен еді. Оның атынан қажылық жасай аламын ба?” – деді. Ол: “Иә”, – деп жауап берді. Бұл Қоштасу қажылығында болған»1.
Түсіндірме
1. Хадис бірнеше тізбекпен, әртүрлі қосымша мәліметпен жеткен. Бірінде сұрақ қоюшы ер, бірінде әйел болған. Сондай-ақ анасының, әкесінің не бауырының атынан қажылық жасауға бола ма деп сұраған нұсқалар бар. Осы мәліметтерді салыстырған ғалымдар Алла елшісіне (с.а.с.) бұл жөнінде бірнеше кісі сұрақ қойған деп пайымдаған. Сұрақ қойған ерлердің есімдері мәлім, әйелдердің есімдері белгісіз.
2. Бұл хадис денсаулығы не жағдайы қажылық жасауға келмейтін ердің де, әйелдің де атынан басқа адам қажылық жасай алатынын көрсетеді. Ханафи, шафиғи ғалымдары, Ахмад ибн Ханбал, Сәури және Исхақ ибн Рахуя осы пікірді ұстанған.
• Имам Мәлік, Ләйс және Хасан ибн Салихтың пікірінше, тірі адамның атынан қажылық жасалмайды. Қажылығын өтей алмай қайтыс болған адамның атынан ғана жасауға болады. Дегенмен Имам Мәліктен марқұмға қатысты үш түрлі пікір жеткен: 1) марқұмның атынан ешкім қажылық жасай алмайды; 2) оның атынан балалары қажылық жасай алады; 3) өсиет қалдырса, оның атынан басқа адам қажылық жасай алады.
Ғалымдардың көпшілігінің пікірінше, қайтыс болған адам өтей алмаған парыз не нәзір етіп міндетіне алған уәжіп қажылығын басқа адам орындай алады. Бұған өсиет қалдыру шарт емес. Шафиғи ғалымдары марқұм атынан нәпіл қажылық жасауға да болады деген.
Өкіл атқарған қажылық кімнің атынан жасалса, соның борышын өтейді. Имам Мұхаммед: «Бәдәл қажылығын орындаған кісі де қажы атанады, оны өз орнына жіберген кісі де сауап алады», – деген.
Ибн Баттал науқас кезінде орнына қажы жіберіп, кейін дертінен айыққан адам жөнінде ғалымдардың пікірі әртүрлі болғанын айтады. Куфа ғалымдары, Имам Шафиғи және Әбу Сәур оның қажылық борышы өтелмейді, айыққан соң өзі баруға тиіс деген. Ахмад ибн Ханбал мен Исхақ ибн Рахуяның пікірінше, бұрын өкілі жасаған қажылық жеткілікті.
3. Кей ғалымдардың түсіндіруінше, Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте көлікке міне алмайтын қарт әрі әлсіз әкесінің атынан қажылық жасауға баласына арнайы рұқсат берген. Олардың пікірінше, қажылық оны өтеуге шамасы жететін адамға парыз, ал әлсіздігі себепті бұл қартқа парыз болмаған. Сондықтан осы рұқсатты қияс арқылы баршаға қолдануға болмайды. Имам Мәлік пен өзге мәлики ғалымдары осы пікірді ұстанған. Олар қажылықты денемен атқарылатын ғибадат деп санап, намаздағы секілді оған өкілдік жүрмейді деген.
4. Қажылықтың шамасы жеткен адамға парыз болуы туралы шарт та әртүрлі түсіндірілген. Ибн Тин мұны «Бәйтуллаға жетуге шамасы келу» деп анықтаған. Бұл пікірде адамның қалыпты тұрмыс салты ескеріледі. Мысалы, жолға үнемі жаяу шығатын адам көлік таппаса, қажылыққа жаяу барады. Қайыр сұрап күнелтетін адам осылайша Меккеге жете алса, азығы болмаса да баруға тиіс делінген. Ал қайыр сұрамайтын, жолға көлікпен шығатын адамға көлік табылғанға дейін қажылық парыз болмайды. Ибн Баттал мұны Абдулла ибн Зубәйір, Икрима және Даххактың көзқарасына жатқызған.
Имам Ағзам Әбу Ханифа мен Имам Шафиғидың пікірінше, шама жету «зад» пен «рахилаға» байланысты.
Зад – қажылыққа барып келгенге дейін қажының өзіне де, үйде қалған отбасына да жететін қаражат.
Рахила – мінетін көлік. Хасан Басри, Мұжаһид, Ибн әл-Мүсайяб, Ибн Жубәйр, Имам Ахмад, Исхақ және басқа ғалымдар осы пікірді ұстанған.
Қуртуби мәлики ғалымдарының бұл хадисті өкілдікке дәлел санамауын «Қағбаны зиярат етуге шамасы жететін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы»2 деген аятқа қайшы деп бағалаған. Мәликилер адамның қажылықты дене күшімен өтеуге шамасы жетуін басты шарт деп түсінген. Имам Мәлік бұл мәселеде аяттың тікелей мағынасына сүйенген.
Ғалымдардың көбі мәликилердің пікіріне жауап ретінде аяттағы «шамасы жету» шартының мағынасы зад пен рахила туралы хадисте ашылғанын айтқан.
5. «Өзі қажылыққа бармаған адам өзгенің атынан қажылық жасай ала ма?» деген сұраққа ғалымдардың көбі «Иә» деп жауап берген. Олар жоғарыдағы риуаятты негізге алған. Алла елшісі (с.а.с.) әкесінің атынан қажылық жасауға рұқсат сұраған әйелден өзі қажылық жасап үлгерген-үлгермегенін сұрамаған.
Әбу Ханифа, Имам Мәлік және бір риуаят бойынша Имам Ахмад осындай пікір ұстанған. Хасан Басри, Нәһәи, Әйюб және Жағфар ибн Мұхаммедтен де осы пікір жеткен.
Әузағи, Исхақ және Шафиғидың пікірінше, өзі қажылық жасамаған адам басқа кісінің атынан қажылық жасай алмайды. Барған жағдайда оның қажылығы өз атынан есептеледі. Кей ғалымдар бұл қажылық тіпті өзі үшін де дұрыс болмайды деген. Ибн Аббастан (р.а.) осы пікірді құптайтын риуаят жеткен.
6. Осы хадистен әйелдің ер адамның атынан өкіл болып қажылық жасай алатыны туралы үкім шығарылған.
7. Хадистен шығарылған тағы бір үкім бойынша, бала ата-анасының борыштарын өтеуге және оларға қызмет етуге міндетті.