Хадис

Арафат уақфасының уақытынан жаңылғандар және жолда адасқандар

Кутуб ситтә, 4-том, 193-тарау · 2 хадис · № 1531–1532

ҚҰРБАНДЫҚТАР (ҺӘДИ ЖӘНЕ ҰДХИЯ)

Хадистер

1531
Кутуб ситтә, № 1531 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Сүлейман ибн Ясар

عَنْ سُلَيْمَانَ بْنِ يَسَارٍ أَنَّ أَبَا أَيُّوبَ الْأَنْصَارِيَّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ خَرَجَ حَاجًّا، حَتَّىٰ إِذَا كَانَ بِالنَّازِيَةِ مِنْ طَرِيقِ مَكَّةَ أَضَلَّ رَوَاحِلَهُ، وَأَنَّهُ قَدِمَ عَلَىٰ عُمَرَ بْنِ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَوْمَ النَّحْرِ، فَذَكَرَ ذَلِكَ لَهُ، فَقَالَ: «اصْنَعْ مَا يَصْنَعُ الْمُعْتَمِرُ، ثُمَّ قَدْ حَلَلْتَ، فَإِذَا أَدْرَكَكَ الْحَجُّ قَابِلًا فَاحْجُجْ، وَاهْدِ مَا اسْتَيْسَرَ مِنَ الْهَدْيِ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Сүлейман ибн Ясар былай дейді: «Әбу Әйюб әл-Ансари (р.а.) қажылыққа шықты. Мекке жолындағы Назияға жеткенде, түйелерінен айырылып қалды. Құрбан айт күні Омар ибн әл-Хаттабқа (р.а.) келіп, жағдайды баяндады. Омар оған: “Умра жасаушының амалдарын орында. Содан кейін ихрамнан шығасың. Келер жылғы қажылыққа жетсең, қажылығыңды өтеп, шамаң келгенше құрбан шал”, – деді»1.

Түсіндірме

1. «Муаттада» Бадия емес, Назия деп аталады. Бұл да Мекке жолындағы бір мекеннің аты. Бадия мен Назия – екі бөлек мекен.

2. Омардың (р.а.) «Умра жасаушының амалдарын орында» дегені – қажылық ниетін умраға ауыстырып, содан кейін ихрамнан шығу. Құрбан айт күні Меккеге жеткен адамның Арафат уақфасын өткізіп алғаны белгілі. Омар оған қажылық үшін кірген ихрамынан умра рәсімдерін орындап шығуды айтқан.

  1. 1Мәлік, «Муатта», «Хаж», 153 (1/383).
1532
Кутуб ситтә, № 1532 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Сүлейман ибн Ясар

وَعَنْهُ أَيْضًا أَنَّ هَبَّارَ بْنَ الْأَسْوَدِ جَاءَ يَوْمَ النَّحْرِ وَعُمَرُ بْنُ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَنْحَرُ هَدْيَهُ، فَقَالَ: «يَا أَمِيرَ الْمُؤْمِنِينَ، أَخْطَأْنَا الْعِدَّةَ، كُنَّا نَرَىٰ أَنَّ هَذَا الْيَوْمَ يَوْمُ عَرَفَةَ». فَقَالَ: «اذْهَبْ إِلَىٰ مَكَّةَ، وَطُفْ أَنْتَ وَمَنْ مَعَكَ، وَانْحَرُوا هَدْيًا إِنْ كَانَ مَعَكُمْ، ثُمَّ احْلِقُوا أَوْ قَصِّرُوا وَارْجِعُوا، فَإِذَا كَانَ عَامٌ قَابِلٌ فَحُجُّوا وَاهْدُوا، فَمَنْ لَمْ يَجِدْ فَصِيَامُ ثَلَاثَةِ أَيَّامٍ فِي الْحَجِّ وَسَبْعَةٍ إِذَا رَجَعْتُمْ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Сүлейман ибн Ясардан жеткен тағы бір риуаятта былай делінеді: «Хаббар ибн әл-Әсуад Құрбан айт күні Омарға (р.а.) келді. Омар құрбандығын шалып жатқан еді. Хаббар: “Уа, мүміндердің әміршісі! Күн есебінен жаңылып, бүгінді Арафа күні деп ойладық”, – деді. Омар: “Меккеге бар. Өзің де, жаныңдағылар да тауап жасаңдар. Құрбандық мал әкелген болсаңдар, оны шалыңдар. Содан кейін шаштарыңды алдырыңдар немесе қысқартыңдар да, елдеріңе қайтыңдар. Келер жылы қажылық жасап, құрбан шалыңдар. Құрбандық таба алмаған адам қажылықта үш күн, қайтқан соң жеті күн, барлығы он күн ораза ұстасын”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Зурқани Хаббардың қажылыққа Шамнан келгенін айтады.

2. Жоғарыда айтылғандай, Арафат уақфасын өткізіп алған адам келесі жылы қажылығын қайта өтейді. Бұл риуаят ихрамнан қалай шығатынын түсіндіреді. Ихрамға кірген адам қажылық не умра рәсімдерін орындап барып шығады. Сондықтан Арафат уақфасына үлгермеген адам умра жасап, ихрамнан шығады.

Мұның тәртібі адамның қажылықтың қай түріне ниет еткеніне байланысты:

1) Ифрад қажылығына ниет еткен адам умра жасап, ихрамнан шығады. Келер жылдардың бірінде қажылықтың қазасын өтейді.

2) Тәмәттуғ қажылығына ниет еткен адамның Арафат уақфасына үлгермеуі тәмәттуғ ниетінің күшін жояды. Сондықтан тәмәттуғ құрбандығын шалмайды. Қайтадан умра жасап, ихрамнан шығады да, келер жылдардың бірінде қажылығын өтейді.

3) Қиран қажылығына ниет еткен адам Арафат уақфасын өткізіп алғанға дейін умра жасаған болса, қайта умра жасап, ихрамнан шығады. Қажылық жасамағандықтан оған құрбандық шалу міндет емес. Ал бұған дейін умра жасамаған болса, әуелі умра ихрамынан шығу үшін бір тауап пен сағи, одан соң қажылық ихрамынан шығу үшін тағы бір тауап пен сағи жасайды. Шашын алдырып, ихрамнан шығады. Келер жылдардың бірінде қажылығын қайта өтейді.

Жоғарыдағы риуаятта Омар Арафат уақфасын өткізіп алған адамға құрбан шалуды бұйырған. Ханафи мәзһабы бойынша қажылықтың қай түріне ниет етсе де, жаза құрбандығы міндеттелмейді. Өйткені ихрамнан шығу үшін жасалған умра кедергіге тап болған адам шалатын құрбандықтың орнына өтеді.

Имам Мәліктің пікірінше, қиран қажылығына ниет етіп, уақфаны өткізіп алған адам ихрамнан шығу үшін екі құрбан шалады. Бірі – қиран үшін, екіншісі – қажылықты өткізіп алғаны үшін шалынатын жаза құрбандығы. Зурқани: «Қажылықты бұзатын бір әрекет жасалған болса, тағы бір құрбан қосылады. Сонда үшеу болады», – деген.

  1. 1Мәлік, «Муатта», «Хаж», 154 (1/383).