Хадис

Ихрамнан шығу (тахаллул)

Кутуб ситтә, 4-том, 177-тарау · 3 хадис · № 1461–1463

УАҚФАЛАР ЖӘНЕ ИФАДА

Хадистер

Тахаллул – ихрамнан шығып, оның тыйымдарынан босау. Қажылық пен ұмраға миқатта ниет етіп, ихрамға кіреді. Ихрам сөзі «харам ету» дегенді білдіреді. Ихрамға кірген кісі күнделікті өмірде халал бірқатар істен тыйылады. «Халал» сөзімен түбірлес «тахаллул» ихрамдағы тыйымдардың күшін жоюды білдіреді.

• Ұмра үшін ихрамға кірген кісі Сафа мен Мәруа арасындағы сағиды аяқтап, шашын алдырған соң ихрамнан шығады.

• Таматтуғ не қиран қажылығына ниет еткен кісі құрбан айттың алғашқы күні Минада Ақаба жамрасына тас лақтырады, құрбан шалады және шашын алдырған соң ихрамнан шығады. Ханафи мәзһабында осы ретті сақтауды уәжіп санайды. Оны бұзған кісі өтем ретінде құрбандық шалады.

• Шаш алдыратын кез келгенде, қажы өз шашын да, өзгенің шашын да ала алады.

• Шашын алдырған қажыға ерлі-зайыптылардың жақындасуынан өзге ихрам тыйымдары жойылады. Ифада тауабынан кейін оған да рұқсат беріледі. Ұмрада шашын алдырып, ихрамнан шыққан кісіге барлық тыйым жойылады.

1461
Кутуб ситтә, № 1461 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «وَقَفَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي حَجَّةِ الْوَدَاعِ بِمَنىً لِلنَّاسِ يَسْأَلُونَهُ فَجَاءَ رَجُلٌ فَقَالَ: لَمْ أَشْعَرْ فَحَلَقْتُ قَبْلَ أَنْ أَذْبَحَ؟ فَقَالَ: اِذْبَحْ وَلَا حَرَجَ. وَجَاءَهُ آخَرُ فَقَالَ: لَمْ أَشْعُرْ فَنَحَرْتُ قَبْلَ أَنْ أَرْمِي؟ فَقَالَ: اِرْمِ وَلَا حَرَجَ. فَمَا سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَوْمَئِذٍ عَنْ شَيْئٍ قُدِّمَ أَوْ أُخِّرَ إِلَّا قَالَ افْعَلْ وَلَا حَرَجَ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا النَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) былай деді: «Алла елшісі (с.а.с.) қоштасу қажылығында Минада жұрттың сұрақтарына жауап беруге аялдады. Бір кісі: “Білмей, құрбан шалмай тұрып шашымды алдырдым”, – деді. Ол: “Құрбаныңды шала бер, айыбы жоқ”, – деді. Екінші кісі: “Білмей, тас лақтырмай тұрып құрбан шалып қойдым”, – деді. Ол: “Тасыңды лақтыра бер, айыбы жоқ”, – деді. Сол күні қандай амалды ерте не кеш орындағаны жайында сұралса да, Алла елшісі: “Орындай бер, айыбы жоқ”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

Алла елшісінің (с.а.с.) Минада қай жерде, қай уақытта тоқтағаны жөнінде түрлі пікір айтылған. Кейбір ғалымдар мұны түстен кейін болған дейді. Солай болса, ол қажылықтың қалған амалдарын түсіндіретін құтба болуы ықтимал. Кей риуаятта Пайғамбардың жамралардың арасында тоқтап сөйлегені айтылады. Ол құтба оқып, артынша жұрттың сұрақтарына да жауап берген болуы мүмкін.

Сұрақ қойғандардың аты-жөні белгісіз. Бір риуаяттағы كَانَ الْأَعْرَابُ يَسْأَلُونَهُ «Оған бәдәуилер сұрақ қойып жатты» деген сөз олардың бәдәуи екенін көрсетеді.

Риуаяттарда мына мәселелер жөнінде сұралғаны айтылады.

1. Құрбан шалмас бұрын шаш алу;

2. Тас лақтырудан бұрын шаш алу;

3. Тас лақтырмастан бұрын құрбан шалу;

4. Ифада тауабын тас лақтырмай тұрып жасау.

5. Шаш алдырмай тұрып тас лақтыру және ифада тауабын жасау.

6. Құрбан шалудан бұрын ифада тауабын жасау;

7. Тауаптан бұрын сағи жасау;

Ғалымдар Минада құрбан айттың алғашқы күні орындалатын төрт амалдың мынадай ретіне келіскен.

1. Ақаба жамрасына тас лақтыру

2. Құрбан шалу

3. Шаш алдыру немесе қысқарту

4. Ифада тауабы

Ғалымдар амалдардың реті бұзылса да, қажылықтың жарамды болатынына келіскен. Ретті сақтамаған адамға қандай үкім жүретіні жөнінде әртүрлі пікір айтқан.

• Ибн Аббас (р.а.) ретті бұзған кісі құрбандық шалады деген. Ханафи ғалымдары, Сағид ибн Жубәйр, Қатада, Хасан әл-Басри және Нәхағи да осы пікірді ұстанған.

• Шафиғи, алғашқы буын ғалымдарының көбі және хадис ғалымдары ретті бұзған кісіге қосымша міндет жүктелмейді деген. Олар жоғарыдағы риуаяттарға сүйенген.

  1. 1Бұхари, «Қажылық», 131, «Ілім», 23, 46, «Әйман», 15. Мүслим, «Қажылық», № 1306. Мәлик, «Мууатта», «Қажылық», 242 (1/421). Тирмизи, № 916. Әбу Дәуіт, № 2014. Ибн Мәжа, № 3051.
1462
Кутуб ситтә, № 1462 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ أُسَامَةِ بْنِ شَرِيكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «خَرَجْتُ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حَاجًّا فَكَانَ النَّاسُ يَأْتُونَهُ، فَمِنْ قَائِلٍ يَقُولُ يَا رَسُولَ اللَّهِ: سَعَيْتُ قَبْلَ أَنْ أَطُوفَ وَأَخَّرْتُ شَيْئًا أَوْ قَدَّمْتُهُ؟ فَكَانَ يَقُولُ: لَا حَرَجَ إِلَّا عَلَى رَجُلٍ اقْتَرَضَ عِرْضَ مُسْلِمٍ وَهُوَ ظَالِمٌ فَذَلِكَ الَّذِي حَرِجَ وَهَلَكَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «الْحَرَجُ» الْإِثْمُ وَالضَّيِّقُ.

Қазақша аудармасы

Усама ибн Шәрик (р.а.) былай деді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге қажылыққа шықтым. Жұрт оған әртүрлі сұрақ қойды. Бірі: “Уа, Алла елшісі, тауаптан бұрын сағи жасадым. Кей амалдарды кешіктіріп не ертерек орындап қойдым”, – деді. Ол: “Мұның айыбы жоқ. Мұсылманның ар-намысына тіл тигізіп, оған зұлымдық жасаған кісі ғана күнәға батып, өзін құрдымға жібереді”, – деп жауап берді»1.

وَمَعْنَى «اِقْتَرَضَ عِرْضَ مُسْلِمٍ» اغْتِيَابُهُ، شُبِّهَ ذَلِكَ بِالقَطْعِ بِالمِقْرَاضِ.

Түсіндірме

1. Хадистегі «хараж» сөзі «күнә» дегенді білдіреді. Мұсылманның ар-намысына тіл тигізу деген тұста ғайбат айту меңзелген. Хадис қажылық амалын ерте не кеш орындаған адамға күнә жазылмайтынын, ал ғайбат айтқан кісінің күнәға бататынын баяндайды.

2. Минада орындалатын төрт амалдың реті бар. Ол тәртіп бұзылғанда қандай үкім жүретінін алдыңғы хадисте түсіндірдік. Ғалымдардың пікірлері мынадай.

• Шафиғи мен хадис ғалымдары хадистің тікелей мағынасына сүйеніп, бір амалды ерте не кеш орындағаны үшін қосымша міндет жүктелмейді деген.

• Әбу Ханифа және кейбір ғалымдар ретті бұзған кісі құрбандық шалуы керек деген.

• Кейбір ғалымдар «айыбы жоқ» деген сөзді «күнә жазылмайды» деп түсіндірген. Олардың пікірінше, бұл үкім пидия төлеу міндетін жоймайды.

• Тағы бір пікір бойынша, қателесіп амалдың ретін бұзған адамға қосымша міндет жүктелмейді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик 88, (2015).
1463
Кутуб ситтә, № 1463 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ نَافِعٍ قَالَ: «لَقِيَ ابْنُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا رَجُلًا أَفَاضَ وَلَمْ يَحْلِقْ وَلَمْ يُقَصِّرْ جَهِلَ ذَلِكَ فَأَمَرَهُ أَنْ يَرْجِعَ فَيَحْلِقَ أَوْ يُقَصِّرَ ثُمَّ يَرْجِعَ إِلَى الْبَيْتِ فَيُفِيضَ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Нафиғ былай деді: «Ибн Омар (р.а.) ифада тауабын жасағанымен, білместікпен шашын алдырмаған да, қысқартпаған да бір кісіні кездестірді. Оған қайтып барып шашын алдыруды немесе қысқартуды, содан соң Қағбаға қайта келіп, ифада тауабын жасауды бұйырды»1.

  1. 1Муатта, Хажж 189, (1, 397).