Хадис

Хижрдың сыртынан тауап жасау

Кутуб ситтә, 4-том, 165-тарау · 1 хадис · № 1386

ТАУАП ЖӘНЕ САҒИ

Хадистер

1386
Кутуб ситтә, № 1386 · тараудағы реті: 1

عَنْ أَبِي السَّفَرِ سَعِيدِ بْنِ مُحَمَّدٍ قَالَ: «سَمِعْتُ ابْنَ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا يَقُولُ: يَا أَيُّهَا النَّاسُ اسْمَعُوا مِنِّي مَا أَقُولُ لَكُمْ وَأَسْمِعُونِي مَا تَقُولُونَ، وَلَا تَذْهَبُوا فَتَقُولُوا قَالَ ابْنُ عَبَّاسٍ، مَنْ طَافَ بِالْبَيْتِ فَلْيَطُفْ مِنْ وَرَاءِ الْحِجْرِ وَلَا تَقُولُوا الْحَطِيمَ، فَإِنَّ الرَّجُلَ فِي الْجَاهِلِيَّةِ كَانَ يَحْلِفُ فَيُلْقِي سَوْطَهُ أَوْ نَعْلَهُ أَوْ قَوْسَهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу әс-Сафар Сағид ибн Мұхаммед былай дейді: «Ибн Аббастың (р.а.) мына сөзін естідім: “Уа, жұрт! Айтарымды тыңдаңдар, өздеріңнің не түсінгендеріңді маған да айтыңдар. Кете сала ‘Ибн Аббас былай деді, Ибн Аббас солай деді’ дей бермеңдер. Бәйтулланы тауап ететін кісі Хижрдың сыртынан өтсін. Оны ‘Хатим’ демеңдер. Өйткені жаһилият дәуірінде кісі ант еткенде сол жерге қамшысын, аяқ киімінің сыңарын не садағын тастайтын”»1.

Түсіндірме

1. Ибн Хажардың түсіндіруінше, Ибн Аббас (р.а.) жұрттан сөзін мұқият тыңдап, не түсінгендерін қайталап беруін сұраған.

Ибн Аббас сөзінің кем не артық түсініліп, айтпаған нәрсесінің өзіне телінуінен қауіптенген болуы мүмкін. Сондықтан жұртқа оның сөзін толық түсініп алған соң ғана жеткізуді ескерткен.

2. Ибн Аббас тауапта Хижрдың сыртынан өту керектігін айтқан. Хижр – Қағбаның Ирак пен Шам бұрыштарының арасындағы солтүстік-батыс қабырғасының алдындағы, бір метрдей жартылай шеңберлі дуал қоршаған жер. Ол Қағбаның ішінен саналады. Алла елшісіне (с.а.с.) пайғамбарлық келерден бұрын Қағба жөнделгенде құрылыс материалы жетпей, бұл бөлік қабырғаның сыртында қалған. Хижрды қоршаған жартылай шеңберлі дуалды Хатим деп атайды.

3. Ибн Аббас (р.а.) Хижрды «Хатим» деп атамауды ескерткен. Сағид ибн Мансур жеткізген риуаятта бір адам: «Хатим деген не?» – деп сұрағанда, Ибн Аббас: «Бұл жер Хатим емес», – деген. Әбу Нуаймның «Мустахражындағы» нұсқа бойынша, ол: «Жаһилият дәуіріндегі жұрт Хижрды Хатим дейтін. Онда құрайыштың пұттары тұрған», – деген.

Басқа бір риуаятта: «Жаһилият дәуірінде ант еткісі келген кісі таяғын жерге қойып тұрып ант ететін. Тауап ететін адам оның сыртынан өтсін», – делінеді.

Жаһилият дәуірінде кісі антына белгі етіп, сол жерге қамшысын, аяқ киімінің сыңарын, садағын не таяғын тастаған. Бұл заттар сонда шіріп кеткенше жата бергендіктен, ол жерді Хатим атаған деген түсінік бар. Өзге жорамалдар бұл атауды залымға теріс бата беріліп, сол жерде дұға қабыл болып, залымның құруымен, Хижрдың Қағбадан тыс қалып, дуалының жартылай салынуымен немесе дұға үшін жиылғандардың бірін-бірі қысып, жаншуымен байланыстырады.

«Хатим» сөзі «сындыру», «езу», «бөлшектеу» мағыналарын білдіретін түбірден тарайды. Ибн Хажар: «Ибн Аббастың (р.а.) түсіндірмесі осы жорамалдардың көбін теріске шығаруға жеткілікті», – деген.

  1. 1Бұхари, Мәнәқиб әл-ансар (№ 3848).