Хадис

Зиярат тауабы

Кутуб ситтә, 4-том, 162-тарау · 2 хадис · № 1377–1378

ТАУАП ЖӘНЕ САҒИ

Хадистер

1377
Кутуб ситтә, № 1377 · тараудағы реті: 1

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ وَعَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَخَّرَ الطَّوَافَ يَوْمَ النَّحْرِ إِلَى اللَّيْلِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ. وَفِي رِوَايَةٍ أُخْرَى: طَوَافَ الزِّيَارَةِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас пен Айша (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) Құрбан айттың бірінші күні тауапты түнге қалдырғанын жеткізген.

Басқа бір нұсқада «зиярат тауабын» деп нақтыланады1.

﴿وَلْيَطَّوَّفُوا بِالْبَيْتِ الْعَتِيقِ﴾ «және ең қасиетті, ең көне үй Қағбаны айналып, тауап етсін»2 деген аятта осы тауап бұйырылған.

Түсіндірме

1. Зиярат тауабы – қажылықтың парыз тауабы. Оны Арафада уақфа жасағаннан кейін орындайды. Бұл тауап «ифада тауабы», «тауаф әс-садр», «тауаф әр-рукн» деп те аталады.

2. Бұл нұсқа Ибн Омар мен Жәбирдің (р.а.) Алла елшісі (с.а.с.) тауапты айттың алғашқы күні күндіз жасады деген риуаяттарынан өзгеше.

Бұхари бұл риуаяттарды былай үйлестіреді: «Ибн Омар мен Жәбирдің (р.а.) хабарлары айттың алғашқы күніне, ал Ибн Аббастың (р.а.) риуаяты кейінгі күндерге қатысты». Ибн Аббас бір нұсқада Алла елшісінің (с.а.с.) Минада болған күндері Бәйтулланы зиярат еткенін айтқан. Екінші нұсқада риуаят былай берілген:

أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَانَ يَزُورُ الْبَيْتَ كُلَّ لَيْلَةٍ مَا أَقَامَ بِمِنًى.

Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) Минада болған күндері әр түн сайын Бәйтулланы зиярат еткенін жеткізген.

Бұхаридің осы түсіндірмесіне сай, Алла елшісі (с.а.с.) зиярат тауабын айттың алғашқы күні күндіз жасаған. Кейінгі нәпіл тауаптарын түнде жасаған. Осылай түсіндіргенде риуаяттардың мағынасы бір-біріне қайшы келмейді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик 83, (2000); Тирмизи, Қажылық 80, (920); Ибн Мәжа, Мәнәсик 77, (3059).
  2. 2«Хаж» сүресі, 29-аят.
1378
Кутуб ситтә, № 1378 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ نَافِعٍ عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَفَاضَ يَوْمَ النَّحْرِ ثُمَّ رَجَعَ فَصَلَّى الظُّهْرَ بِمِنًى». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Нафиғ Ибн Омардан (р.а.) мынадай риуаят жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) Құрбан айттың бірінші күні ифада тауабын жасады. Содан соң Минаға оралып, бесін намазын сонда оқыды»1.

Түсіндірме

Жәбирден (р.а.) жеткен Қоштасу қажылығы туралы ұзақ риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) ифада тауабын жасағанда бесін намазын Меккеде оқығаны айтылады. Бұл нұсқада бесін намазын Минада оқығаны айтылған. Ғалымдардың қай риуаятты басшылыққа алу жөніндегі пікірлері әртүрлі. Кейбіреуі екі хабар да сахих болғандықтан, біреуін екіншісінен артық көрмеген.

Нәуәуи былай дейді: «Бұл хадис ифада тауабын Құрбан айттың бірінші күні түске дейін жасаудың мұстахаб екенін көрсетеді. Ғалымдар ифада тауабын қажылықтың рүкіндерінің бірі деп санайды. Онсыз қажылық дұрыс болмайды. Оны айттың алғашқы күні тас лақтырып, құрбан шалып, шаш алдырған соң жасау мұстахаб. Тәшриқ күндерінің бірінде орындауға да болады. Сол күндерге дейін кешіктірген кісіден құрбандық талап етілмейді.

Тәшриқ күндері өтіп кеткен соң атқарса да, шәфиғилердің пікірінше, тауабы жарамды, өтем талап етілмейді. Көпшілік ғалым осы пікірде. Әбу Ханифа мен Имам Мәлик едәуір кешіктірген кісі өтем ретінде бір құрбан шалуы керек деп санаған».

  1. 1Бұхари, Қажылық, 129. Мүслим, Қажылық, 335 (№ 1308). Әбу Дәуіт, Мәнәсик, 83 (№ 1998).