عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ لِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «يَا عَبْدَ اللَّهِ، أَلَمْ أُخْبَرْ أَنَّكَ تَصُومُ النَّهَارَ وَتَقُومُ اللَّيْلَ؟» فَقُلْتُ: بَلَى يَا رَسُولَ اللَّهِ. قَالَ: «فَلَا تَفْعَلْ، صُمْ وَأَفْطِرْ، وَقُمْ وَنَمْ، فَإِنَّ لِجَسَدِكَ عَلَيْكَ حَقًّا، وَإِنَّ لِعَيْنِكَ عَلَيْكَ حَقًّا، وَإِنَّ لِزَوْجِكَ عَلَيْكَ حَقًّا، وَإِنَّ لِزَوْرِكَ عَلَيْكَ حَقًّا، وَإِنَّ بِحَسْبِكَ أَنْ تَصُومَ كُلَّ شَهْرٍ ثَلَاثَةَ أَيَّامٍ، فَإِنَّ لَكَ بِكُلِّ حَسَنَةٍ عَشْرَ أَمْثَالِهَا، فَإِنَّ ذَلِكَ صِيَامُ الدَّهْرِ كُلِّهِ». فَشَدَّدْتُ، فَشُدِّدَ عَلَيَّ. قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنِّي أَجِدُ قُوَّةً. قَالَ: «فَصُمْ صِيَامَ نَبِيِّ اللَّهِ دَاوُدَ عَلَيْهِ السَّلَامُ وَلَا تَزِدْ عَلَيْهِ». قُلْتُ: وَمَا كَانَ صِيَامُ نَبِيِّ اللَّهِ دَاوُدَ عَلَيْهِ السَّلَامُ؟ قَالَ: «نِصْفَ الدَّهْرِ». فَكَانَ عَبْدُ اللَّهِ يَقُولُ بَعْدَ مَا كَبِرَ: «يَا لَيْتَنِي قَبِلْتُ رُخْصَةَ النَّبِيِّ ﷺ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ (١٩٧٥).
Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) маған: “Уа, Абдулла! Күндіз ораза ұстап, түнде намаз оқитыныңды естідім, рас па?” – деді. Мен: “Иә, уа, Алла елшісі!” – дедім. Ол: “Олай істеме. Ораза ұстайтын күнің де, ұстамайтын күнің де болсын. Түнде намазға тұр, ұйықтап та ал. Денеңнің де, көзіңнің де, жұбайыңның да, қонағыңның да сенде ақысы бар. Ай сайын үш күн ораза ұстасаң, жеткілікті. Өйткені әр жақсылығыңа он есе сауап беріледі. Бұл жыл бойы ораза ұстағанмен тең”, – деді. Өзіме қатаңдық таныттым, маған да қатаң талап қойылды. Мен: “Уа, Алла елшісі! Бұдан да артығына күшім жетеді”, – дедім. Ол: “Алланың пайғамбары Дәуітше (аләйһис-сәләм) ораза ұста. Одан асырма”, – деді. Мен: “Алланың пайғамбары Дәуіт (аләйһис-сәләм) оразаны қалай ұстайтын еді?” – дедім. Ол: “Жылдың жартысында”, – деді». Абдулла жасы ұлғайғанда: «Пайғамбардың (с.а.с.) берген жеңілдігін қабыл алғанымда ғой!» – дейтін.