Хадис

«Буруж» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 129-тарау · 1 хадис · № 861

Хадистер

861
Кутуб ситтә, № 861 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: الْيَوْمُ الْمَوْعُودُ: يَوْمُ الْقِيَامَةِ، وَالْيَوْمُ الْمَشْهُودُ: يَوْمُ عَرَفَةَ، وَالشَّاهِدُ: يَوْمُ الْجُمُعَةِ. قَالَ: وَمَا طَلَعَتِ الشَّمْسُ وَلَا غَرَبَتْ عَلَى يَوْمٍ أَفْضَلَ مِنْهُ، فِيهِ سَاعَةٌ لاَ يُوَافِقُهَا عَبْدٌ مُؤْمِنٌ يَدْعُو اللَّهَ تَعَالَى فِيهَا بِخَيْرٍ إِلَّا اسْتَجَابَ لَهُ، وَلَا يَسْتَعِيذُ مِنْ شَرٍّ إِلَّا أَعَاذَهُ اللَّهُ مِنْهُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِىُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Әзірет Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деді: (“Буруж” сүресінің) ﴿وَٱلسَّمَآءِ ذَاتِ ٱلْبُرُوجِ ۝ وَٱلْيَوْمِ ٱلْمَوْعُودِ ۝ وَشَاهِدٍ وَمَشْهُودٍ﴾ “Шоқ жұлдызды аспанға серт! Уәде етілген Күнге серт! Куә болушыға һәм куәлік етілгенге серт!”1 аяттарындағы “уәде етілген күн” тіркесі қиямет күнін білдіреді, “куәлік етілген нәрсе” – арафа күні, “куә болушы” – жұма күні». Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ары қарай былай деді: «Күн жұмадан қайырлы күнде шыққан да емес, батқан да емес. Жұмада бір мезет бар, қайбір мүмін сол сәтте Алладан жақсылық тілесе, Алла тілегін қабыл етеді. Жамандықтан Аллаға сыйынса, Алла оны сол жамандықтан сақтайды».2

Түсіндірме

Сүреде «қиямет күні» иәумул-мәуғуд, яғни «уәде етілген күн» деп айтылған. Өйткені Ұлы Жаратушы сол күннің болатынына уәде берген және сонау әзірет Адамнан бастап барша пайғамбарларға осы уәдесін білдірген. Сондықтан барлық дінде қиямет-қайым сенімі бар. Әзірет Мұсаның шариғатын жоққа шығарған перғауындар да қайтадан тірілу, мәңгі болып қалу сенімінен тысқары қалмаған және сол сенімдеріне қарай денелерін мумиялатып, «керек кезінде қолданамыз» деп заттарын қабірлеріне өздерімен бірге қойдырған. Қабірлерін үлкен етіп салғызып, ішін сенімдеріне қарай әспеттеген.

Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «куәлік етілген» күнді «арафа күні» деген, өйткені сол күні көптеген адамдар Арафатта тұрып сол күнге куә болуда, яғни сол күні бір жерге жиналуда. Жұма күнінің «куәлік етуші» болуына келсек, сол күні намазға қатысқандарға куәгер болуда.

Жоғарыдағы риуаят жұма күнінің артықшылығын білдіру үшін айтылған. Расулалла «мүминнің мейрамы» деп дәріптеген жұма күні жайлы Бұхари, Мүслим, Әбу Дәуіттің сахих кітаптарында басқа хадистер берілген. Алла Тағала көктер мен жерді жаратқан кезде, бүкіл жаратылыс жаратылған алтыншы күн жұма еді. Әзірет Адам жұма күні жаратылды, жұма күні жаннатқа кірді, жұма күні жаннаттан шығарылды, жұма күні өлді, қиямет-қайым жұма күні болады. Салман-Фарисидің бір риуаяты бойынша, жер бетіне түскен әзірет Адам мен Хауа ана сол жұма күні бір-бірін тапқан т.б.

Жәһилият дәуірінде бұл күн жұма емес аруба деп аталған. Ардақты Пайғамбар оның атауын өзгертіп, жұма деген. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жұма күнінің қасиетін білдіру үшін, бұрынғы қауымдардың илаһи сөзді естісе де ешбірінің жұмаға дөп түспегенін, алайда Алланың қалауымен бұл күнді дәріптеуде мұсылмандардың дөп түскенін айтады. Осы жайлы Бұхаридің бір риуаятында Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деген: «Біз (яһуди мен христиандарға қарағанда) ең соңынан келсек те, қиямет күні ең алда боламыз. Себебі оларға бізден бұрын кітап беріліп, Алланың оларға (дәріптеулері үшін) парыз қылған күн осы (жұма күні) бола тұра, олар (дөп баса алмай) шатасты (және басқа күн деп ойлады). Біз сол күнге дөп түсу үшін Алла тағаланың көмегіне ие болдық. Сөйтіп басқа үмбеттер бізден кейінге қалды: яһудилердің ғибадат күні ертең, христиандардікі бүрсігүні».

Жұма намазының артықшылығы жайлы хадистерге (№2848–2862) кейінірек тоқталамыз. Дегенмен осы хадистегі бір маңызды мәселені айта кетейік: Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «жұма күні дұға қабыл болатын бір уақыт» жайлы айтқан, бірақ қай сағат екенін білдірмеген. Алланың ризалығын іздеген мүмин сол сағатты табуға тырысу керек, қолынан келгенше жиырма төрт сағат бойы ояу қалып, барша уақытын дұға-тілекпен, құлшылықпен, зікірмен және игілікті істермен өткізуге тырысу керек. Ең болмағанда, бұл уақытты бір аптада түнде, басқа аптада таңсәріде, келесі апталарда бесін-екінті, екінті-ақшам, ақшам-құптан аралығында т.с.с. іздегені жөн.

Расулалланың осы хадисін «жұма күнін мүминнің мейрамы етіп жариялаған» хадисімен бірге алып талқыласақ, мынадай қорытынды шығара аламыз: Пайғамбарымыз (с.а.с.) бізге мейрам әдебін үйретіп жатыр, яғни «өзара араласатын, бірге ішіп-жейтін» мейрам күндері болған атаулы күндерді ғапылдықпен өткізіп алмау керек. Бұл күндерді құлшылық ниетімен барынша тиімді түрде өткізу керек.

  1. 1«Буруж» сүресі, 1-3-аяттар
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Буруж» сүресі (№3339, Ибраһим Жанан басылымында №3336).