Хадис

«Мутаффифин» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 127-тарау · 1 хадис · № 859

Хадистер

859
Кутуб ситтә, № 859 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «إِنَّ الْعَبْدَ إِذَا أَخْطَأَ خَطِيئَةً نُكِتَتْ فِي قَلْبِهِ نَكْتَةٌ سَوْدَاءُ. فَإِذَا هُوَ نَزَعَ وَاسْتَغْفَرَ وَتَابَ صُقِلَ قَلْبُهُ، وَإِنْ عَادَ زِيدَ فِيهَا حَتَّى تَعْلُوَ قَلْبَهُ، وَهُوَ الرَّانُ الَّذِي ذَكَرَ اللَّهُ تَعَالَى: ﴿كَلَّا بَلْ رَانَ عَلَىٰ قُلُوبِهِمْ مَا كَانُوا يَكْسِبُونَ﴾». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла Елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мына сөзін жеткізді: «Пенде бір күнә жасаса, жүрегіне қара дақ түседі. Егер ол күнәсінен тыйылып, кешірім тілеп, тәубе етсе, жүрегі тазарады. Ал күнәні қайталаса, дақ ұлғайып, ақырында бүкіл жүрегін басады. Бұл – Алла Тағала ﴿كَلَّا بَلْ رَانَ عَلَىٰ قُلُوبِهِمْ مَا كَانُوا يَكْسِبُونَ﴾ “Жоқ! Әсте, олай емес! Олардың істеген күнәлары жүректерін әбден қарайтып тастаған”1 деген аятта айтқан тот».2

Түсіндірме

Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл теңеу арқылы тәубе мен истиғфардың мәнін ашқан. Әдейі не білместікпен жасалған күнә жүрекке қара дақ түсіреді. Ахмад ибн Ханбал жеткізген нұсқада «кез келген күнә» делінген. Күнә көбейген сайын, қара дақ та ұлғайып, жүрек қарайып барады. Күнәдан тыйылу дақтың ұлғаюын тоқтатады, ал оны кетіру үшін тәубе ету қажет.

Хадис түсіндірушілері күнәнің дағын айнаға жұққан кірге немесе ақ қағазға тамған сияға теңеген. Дақтың көлемі күнәнің түрі мен ауырлығына байланысты. Әли әл-Қаридің пікірінше, жүрек қардай ақ киімге, күнә сол киімге жұққан қара даққа ұқсайды. Дақ киімнің өңін бұзғаны тәрізді күнә да адамның жүрегін қарайтады.

Күнәнің дағы бүкіл жүректі басқанда, жүректің нұры сөніп, сезімі өшеді. Сонда адам күнәнің күнә екенін, ізгіліктің ізгілік екенін ажырата алмай қалады.

Тыбидің айтуынша, аят әуелде кәпірлерге қатысты түскен. Мүмін де күнә жасаса, жүрегі қарайып, соларға ұқсай бастайды. Күнәсі көбейген сайын бұл ұқсастық та күшейе түседі.

Ибн Мәлік былай дейді: «Бұл аят кәпірлер туралы айтылғанымен, Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оны мүміндерді сақтандыру үшін келтірген. Ол олардың күнәға батып, жүректерінің кәпірлердікіндей қарайып кетпеуін қалаған. Осыған орай “Күнә – күпірлікке бастайтын жол” делінген».

  1. 1«Мутаффифин» сүресі, 14-аят
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Мутаффифин» сүресі (№3334, Ибраһим Жанан басылымында №3331); Ибн Мәжа, «Зуһд», 29 (№4244).