Хадис

«Тур» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 101-тарау · 2 хадис · № 797–798

Хадистер

797
Кутуб ситтә, № 797 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «عَنِ النَّبِيِّ ﷺ أَنَّهُ رَأَى الْبَيْتَ الْمَعْمُورَ يَدْخُلُهُ كُلَّ يَوْمٍ سَبْعُونَ أَلْفَ مَلَكٍ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) Бәйт әл-Мағмурды көрген. Оған күн сайын жетпіс мың періште кіреді.1

Түсіндірме

Бәйтул-мағмур – аспанның жетінші қабатында Арштың деңгейінде Қағбаның үстіңгі тұсында орналасқан бәйт. Қағба – жердегі тұрғындардың тауап жасайтын орны болса, Бәйтул-мағмур – аспан тұрғындарының, періштелердің тауап жасайтын қасиетті орны. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) миғраж кезінде сол жерді көрген. Жәбірейіл: «Оның ішінде күн сайын жетпіс мың періште намаз оқиды. Бір рет шыққаны екінші мәрте қайта кірмейді», – деп айтқан.

Әзірет Алиден (р.а.) жеткен бір риуаят бойынша, аспанның әр қабатында Қағбаның үстіңгі тұсында бір Бәйтул-мағмур бар.

Риуаяттарда айтылғанындай, Бәйтул-мағмур – Қағбаның дәл үстіңгі тұсында. Тіпті Бәйтул-мағмурдан бір тас түсетін болса, дәл Қағбаның үстіне түседі. Осы Бәйтул-мағмурдың екінші бір аты – Дураһ.

  1. 1Бұхари, Бәдул-халқ 6.
798
Кутуб ситтә, № 798 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا عَنِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: «إِدْبَارُ النَّجُومِ الرَّكْعَتَانِ قَبْلَ الْفَجْرِ، وَإِدْبَارُ السُّجُودِ الرَّكْعَتَانِ بَعْدَ الْمَغْرِبِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббастың (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ﴿وَمِنَ ٱلَّيْلِ فَسَبِّحْهُ وَإِدْبَٰرَ ٱلنُّجُومِ﴾ «Һәм түннің бір бөлігінде де Оның кемшіліктен ада, мінсіз екенін айтып, ұлықта және жұлдыздар батуға бет алған шақта да!»1 деген аяттағы «жұлдыздар батуға бет алған шақ» (إِدْبَارُ النُّجُومِ) таң намазының парызынан бұрынғы екі рәкатты, ал «сәжделердің артынша» (أَدْبَارُ السُّجُودِ) ақшам намазының парызынан кейінгі екі рәкатты білдіретінін айтты.2

Түсіндірме

«Қаф» сүресіндегі «әдбар әс-сужуд» тіркесінің түсіндірмесі №795 хадисте берілді.

  1. 1«Тур» сүресі, 49-аят
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Тур» (№3275, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3271).