Хадис
كِتَابُ الْعَمَلِ فِي الصَّلَاةِ

Намаз үстіндегі іс-әрекеттер кітабы

Сахих әл-Бұхари, 21-кітап · 7 хадис · № 630–636

Мазмұны: 5 бап
  1. 1Намаз үстінде сөйлеуге тыйым салынғаны туралы
  2. 2Намаз кезінде ұсақ тастарды тегістеу туралы
  3. 3Намаз үстінде мініс малы босап кеткенде не істеу керектігі туралы
  4. 4Намаз үстінде сәлемге жауап бермеу туралы
  5. 5Намаз кезінде қолды белге таяп тұру туралы
بَابُ مَا يُنْهَى عَنْهُ مِنَ الْكَلَامِ فِي الصَّلَاةِ

1-бапНамаз үстінде сөйлеуге тыйым салынғаны туралы

630
Бұхари, № 630 · Сахих: 1199Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: كُنَّا نُسَلِّمُ عَلَى النَّبِيِّ ﷺ وَهُوَ فِي الصَّلَاةِ، فَيَرُدُّ عَلَيْنَا، فَلَمَّا رَجَعْنَا مِنْ عِنْدِ النَّجَاشِيِّ سَلَّمْنَا عَلَيْهِ، فَلَمْ يَرُدَّ عَلَيْنَا، وَقَالَ: «إِنَّ فِي الصَّلَاةِ شُغْلًا».

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Мәсғуд (р.а.): «Біз Пайғамбарға (с.а.с.) намаз оқып тұрған кезінде сәлем беретінбіз, ол да сәлемімізге жауап қайтаратын. Нәжашидің жанынан қайтып келгеннен кейін оған сәлем бердік, бірақ ол бізге жауап қайтармады. Намазын аяқтағаннан кейін: “Расында, намаз өзге іске мұрша бермейді”, – деді», – деген.

631
Бұхари, № 631 · Сахих: 1200

وَفِي رِوَايَةٍ عَنْ زَيْدِ بْنِ أَرْقَمَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «إِنْ كُنَّا لَنَتَكَلَّمُ فِي الصَّلَاةِ عَلَى عَهْدِ النَّبِيِّ ﷺ، يُكَلِّمُ أَحَدُنَا صَاحِبَهُ بِحَاجَتِهِ، حَتَّى نَزَلَتْ: ﴿حَافِظُوا عَلَى الصَّلَوَاتِ وَالصَّلَاةِ الْوُسْطَى وَقُومُوا لِلَّهِ قَانِتِينَ﴾ [الْبَقَرَةِ: 238]، فَأُمِرْنَا بِالسُّكُوتِ».

Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Арқамнан (р.а.) жеткен бір риуаятта: «Пайғамбардың (с.а.с.) дәуірінде біз намаз үстінде сөйлесетінбіз. Біріміз жанындағы адамға қажетін айтатын. Кейін: “Намаздарды, әсіресе ортаңғы намазды, ұқыпты орындаңдар. Алланың алдында бойсұнған күйде тұрыңдар” (“Бақара”, 238) деген аят түсті. Содан кейін бізге үнсіз тұру бұйырылды», – делінген.

بَابُ مَسْحِ الْحَصَى فِي الصَّلَاةِ

2-бапНамаз кезінде ұсақ тастарды тегістеу туралы

632
Бұхари, № 632 · Сахих: 1207Риуаят етуші: Муғайқиб

عَنْ مُعَيْقِيبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَالَ فِي الرَّجُلِ يُسَوِّي التُّرَابَ حَيْثُ يَسْجُدُ، قَالَ: «إِنْ كُنْتَ فَاعِلًا فَوَاحِدَةً».

Қазақша аудармасы

Муғайқибтің (р.а.) айтуынша, Пайғамбар (с.а.с.) сәжде жасайтын жердегі топырақты тегістейтін адамға қатысты: «Егер мұны істейтін болсаң, бір-ақ рет істе», – деген.

بَابُ إِذَا اِنْفَلَتَتْ الدَّابَّةُ فِي الصَّلَاةِ

3-бапНамаз үстінде мініс малы босап кеткенде не істеу керектігі туралы

633
Бұхари, № 633 · Сахих: 1211Риуаят етуші: Әбу Барза әл-Әсләми

عَنْ أَبِي بَرْزَةَ الْأَسْلَمِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّهُ صَلَّى يَوْمًا فِي غَزْوَةٍ، وَلِجَامُ دَابَّتِهِ بِيَدِهِ، فَجَعَلَتِ الدَّابَّةُ تُنَازِعُهُ وَجَعَلَ يَتْبَعُهَا، فَقِيلَ لَهُ فِي ذَلِكَ، فَقَالَ: «إِنِّي غَزَوْتُ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ سِتَّ غَزَوَاتٍ أَوْ سَبْعَ أَوْ ثَمَانِيَ غَزَوَاتٍ، وَشَهِدْتُ تَيْسِيرَهُ، وَإِنِّي إِنْ كُنْتُ أُرَاجِعُ مَعَ دَابَّتِي أَحَبُّ إِلَيَّ مِنْ أَنْ أَدَعَهَا تَرْجِعُ إِلَى مَأْلَفِهَا فَيَشُقُّ عَلَيَّ».

Қазақша аудармасы

Әбу Бәрзә әл-Әсләми (р.а.) бір жорықта намаз оқығанда, мініс малының тізгінін қолында ұстап тұрған. Малы тартынып, кетуге ұмтылғанда, ол оның соңынан ілесе жүрген. Одан бұл жайында сұралғанда: «Мен Алла Елшісімен (с.а.с.) бірге алты, жеті не сегіз жорыққа қатыстым әрі оның дінде жеңілдік жасағанын көрдім. Малымның соңынан ілесіп барып, оны қайтарып алғаным, оның үйреншікті орнына кетіп қалуына жол бергенімнен әлдеқайда жақсы. Өйткені ол кетіп қалса, бұл маған қиындық туғызар еді», – деген.

634
Бұхари, № 634 · Сахих: 1212Риуаят етуші: Айша

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا ذَكَرَتْ حَدِيثَ الْخُسُوفِ وَقَالَتْ فِي هَذِهِ الرِّوَايَةِ بَعْدَ قَوْلِهِ: «وَلَقَدْ رَأَيْتُ النَّارَ يَحْطِمُ بَعْضُهَا بَعْضًا»: «وَرَأَيْتُ فِيهَا عَمْرَو بْنَ لُحَيٍّ، وَهُوَ الَّذِي سَيَّبَ السَّوَائِبَ».

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) күн тұтылу туралы хадисті баяндаған. Осы риуаятта Пайғамбардың (с.а.с.): «Расында, тозақтың бір бөлігі екінші бөлігін қиратып жатқанын көрдім», – деген сөзінен кейін: «Оның ішінде Амр ибн Лухайды да көрдім. Пұттарға арнап түйелерді сәиба ретінде алғаш бос жіберген сол еді», – деген сөзі келтірілген.

بَابُ لَا يَرُدُّ السَّلَامَ فِي الصَّلَاةِ

4-бапНамаз үстінде сәлемге жауап бермеу туралы

635
Бұхари, № 635 · Сахих: 1217Риуаят етуші: Жәбир

عَنْ جَابِرِ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: بَعَثَنِي – يَعْنِي رَسُولَ اللَّهِ ﷺ – فِي حَاجَةٍ لَهُ، فَانْطَلَقْتُ، ثُمَّ رَجَعْتُ وَقَدْ قَضَيْتُهَا، فَأَتَيْتُ النَّبِيَّ ﷺ، فَسَلَّمْتُ عَلَيْهِ، فَلَمْ يَرُدَّ عَلَيَّ، فَوَقَعَ فِي قَلْبِي مَا اللَّهُ أَعْلَمُ بِهِ، فَقُلْتُ فِي نَفْسِي: «لَعَلَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ وَجَدَ عَلَيَّ أَنِّي أَبْطَأْتُ عَلَيْهِ»، ثُمَّ سَلَّمْتُ عَلَيْهِ فَلَمْ يَرُدَّ عَلَيَّ، فَوَقَعَ فِي قَلْبِي أَشَدُّ مِنَ الْمَرَّةِ الْأُولَى، ثُمَّ سَلَّمْتُ عَلَيْهِ فَرَدَّ عَلَيَّ، فَقَالَ: «إِنَّمَا مَنَعَنِي أَنْ أَرُدَّ عَلَيْكَ أَنِّي كُنْتُ أُصَلِّي»، وَكَانَ عَلَى رَاحِلَتِهِ مُتَوَجِّهًا إِلَى غَيْرِ الْقِبْلَةِ.

Қазақша аудармасы

Жәбир ибн Абдулла (р.а.): «Алла Елшісі (с.а.с.) мені бір шаруамен жұмсады. Мен жолға шығып, оның тапсырмасын орындағаннан кейін қайтып келдім. Пайғамбарға (с.а.с.) келіп, сәлем бердім, бірақ ол жауап қайтармады. Сонда көңіліме не келгенін Алла ғана біледі. Іштей: “Алла Елшісі (с.а.с.) кешігіп қалғаныма ренжіген шығар”, – дедім. Кейін оған тағы да сәлем бердім, бірақ ол жауап қайтармады. Бұл жолы көңіліме алғашқысынан да ауыр ой келді. Содан кейін оған үшінші рет сәлем бердім. Сонда ол сәлеміме жауап қайтарып: “Сәлеміңе жауап беруіме намаз оқып тұрғаным ғана кедергі болды”, – деді. Ол сол кезде көлігінің үстінде құбыладан өзге жаққа қарап отырған еді», – деген.

بَابُ الْخَصْرِ فِي الصَّلَاةِ

5-бапНамаз кезінде қолды белге таяп тұру туралы

636
Бұхари, № 636 · Сахих: 1220Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَهَى النَّبِيُّ ﷺ أَنْ يُصَلِّيَ الرَّجُلُ مُخْتَصِرًا».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.): «Пайғамбар (с.а.с.) адамның намаз кезінде қолын беліне таяп тұруына тыйым салды», – деген.